«Самұрық-Қазына» қолдауымен Астанада спорттық биден жастар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — 24–25 қазанда Қазақстан алғаш рет Дүниежүзілік би спорты федерациясының (WDSF) Youth Solo Latin санатындағы қыздар арасындағы әлем чемпионатын қабылдап отыр. Әлем чемпионы атағы үшін 15 елден келген 69 спортшы бақ сынауда. Олардың қатарында Қазақстанның 34 өкілі бар. Жарыстың бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ.
Әлем чемпионатын Қазақстан Республикасының Спорттық би федерациялары қауымдастығы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылық жобаларының бірыңғай операторы — Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорының қолдауымен ұйымдастырды.
24 қазанда Астанадағы Конгресс-орталықта әлем чемпионатының ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, спорт ұйымдарының өкілдері, би спорты қауымдастығының мүшелері, халықаралық төрешілер, жаттықтырушылар мен спортшылар қатысты.
Чемпионатқа Армения, Болгария, Грузия, Италия, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Чехия, Швеция сынды 15 мемлекеттен келген 69 спортшы қатысып жатыр. 2008–2014 жылдары туған қыздар Solo Latin санатында латынамерикалық бағдарлама бойынша өнер көрсетеді. Қазақстан атынан 34 спортшы сынға түсіп жатыр.
Қазақстан WDSF-тің осы санаттағы әлем чемпионатын алғаш рет өткізіп отыр. Мұндай деңгейдегі жарыстар елімізде спорттық бидің дамуына серпін беріп, халықаралық тәжірибе алмасуға жол ашады. Сонымен қатар жас қазақстандық спортшыларға әлемдік аренада өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік береді. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғановтың айтуынша, әлемдік бірінішіліктің Қазақстанда өтуі елде спорттық бидің дамуына жаңа серпін беріп, жас спортшыларды жігерлендіреді.
— Биыл «Самұрық-Қазына» АҚ-ның құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде компаниялар тобының қолдауымен спорт, мәдениет, инклюзивті білім беру және бейімделген спорт салаларында жүздеген жоба жүзеге асырылды. Бүгінде бұл бастамалар жыл сайын 1 миллионнан астам қазақстандыққа жаңа мүмкіндіктер сыйлап келеді. Біз үшін мұндай жобалардың маңызы ерекше. Олардың басты мақсаты — адамдарға нақты көмек көрсету, балалар мен жастардың қабілетін ашуға жағдай жасау және әрқайсысының өз әлеуетін толық іске асыруына мүмкіндік беру, — деді ол.
Қордың қолдауымен ашылған 55 оңалту орталығында жыл сайын 21 мыңнан астам бала тегін оңалту көмегін алады. Мектептердегі инклюзияны қолдау кабинеттерінде 3 мың балаға білім алуына және дамуына қажетті көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, компаниялар тобының қолдауымен ашылған 19 спорт кешені жыл сайын 245 мың адамға спортпен тегін шұғылдануға мүмкіндік береді.
Қазақстандық спортшылар үшін бұл чемпионаттың орны ерекше. Олар өз елінде, өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсетіп, басқа мемлекеттерден келген мықты құрдастарымен бақ сынайды. Мұндай жарыстар жас бишілердің халықаралық тәжірибе жинақтауына, шеберлігін шыңдауына және кәсіби мақсаттарын айқындауына ықпал етеді. Сонымен қатар жаттықтырушылардың кәсіби әлеуетін арттырып, спорттық би саласындағы халықаралық байланысты нығайтуға жол ашады.