«Самұрық-Қазына» Үкіметтің жаңа қаулысы қордың дивиденд саясатына қалай әсер ететінін айтты

АСТАНА. KAZINFORM — «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы кеше күшіне енген үкімет қаулысының қордың дивидент саясатына қалай әсер ететінін туралы түсініктеме берді. 

«Самұрық-Қазына» Үкіметтің жаңа қаулысы қордың дивиденд саясатына қалай әсер ететінін айтты
Фото: Самұрық-Қазына

Еске салсақ, аталған құжаттың бұған дейінгі редакциясында «Есепті жылдың қорытындылары бойынша жалғыз акционерге төленетін жыл сайынғы дивидендтердің ең төменгі мөлшері 25 (жиырма бес) миллиард теңгені құрайды» деген арнайы тармақ бар болатын. Жаңа редакцияда осы тармақ алынып тасталған

— Қордың дивиденд саясатына енгізілген өзгерістер жаңа Бюджет кодексінің нормаларына сәйкестендіру үшін жасалды. Жаңа Бюджет кодексінің аясында қор Үкіметке аударатын дивиденттің мөлшері акциялары өзіне тиесілі заңды тұлғалардан есепті жылдың қорытындысы бойынша алатын дивидендтердің 50 пайызынан кем болмау керек деп айқындалған.

Мысалы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша қор алған дивидендтердің көлемі 556 млрд теңге болғанын ескерсек (2023 жылы 514 млрд теңге болды), жаңа минималды шек осы соманың 50 пайызынан кем болмауға тиіс (278 млрд теңге). Бұл бұған дейін бекітілген 25 млрд теңге дейтін минималды шектен бірнеше есе жоғары, — деп жазады қордың баспасөз қызметі.

Қор ұсынған мәліметке сүйенсек, «ең кемі 25 млрд теңге» деген шектің шынайы аударымдардың көлеміне мүлде әсері болмағандай.

— Оның үстіне қор өзінің жалғыз акционерінің пайдасына (Үкіметке — ред.) таратқан аударымы 2024 жылы 1,36 трлн теңге болды. Бұл жыл бойында өзі алған дивидендтерден бірнеше есе көп. Оның ішінде республикалық бюджетке дивиденд түрінде 737 млрд теңге аударды. Қалған 568 млрд теңгені Үкіметтің тапсырмасы бойынша әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға бағыттады. Оның сыртында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 50 млрд теңге бөлді, — делінген түсіндірмеде.

«Самұрық-Қазына» өкілдері Үкімет қаулысының жаңа редакциясы қордың мемлекетке аударатын дивидендтерін көбейтпесе, азайтпайтынын айтады.

— Жалпы қордың дивидендтерін айқындау тәсілін Бюджет кодексімен бекіту «Самұрық-Қазынаның» республикалық бюджет пен әлеуметтік жобаларға бөлетін аударымдарын ұлғайтуға бағытталған. Өйткені қабылданған өзгерістер аясында дивидендтерді есептеу базасы жүйе құраушы компаниялармен шектелмей, акциялары қорға тиесілі заңды тұлғалардың бәрінен түсетін түсімдерді қосу жолымен ұлғайтылып отыр, — деп жазылған ресми түсіндірмеде. 

Соңғы жаңалықтар