«Самұрық-Қазынадағы» «HR-бренд 2025»: байқау жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ тың жобаны қолға алды. Ол — Қорға қарасты компанияларда озық, орнықты HR-тәжірибелерді анықтау мен таратуды мақсат еткен «HR-бренд 2025» байқауы.

«Самұрық-Қазынадағы» «HR-бренд 2025»: байқау жеңімпаздары анықталды
Фото: KEGOC

Мемлекет басшысы адами капиталды дамыту, сапалы білім беру, еңбек институтын нығайту және жастарды болашақ экономикасына тартуға басымдық берудің өзектілігін ерекше атап өткен еді. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «HR-бренд 2025» байқауының ұйымдастырылуы осы бастамамен астасып жатыр. Яғни, алғаш рет қолға алынған аталмыш байқау да қолданбалы дағдыларды, өндірістік құзыреттерді дамыту мен еңбекті құрметтеуге бағытталған іргелі бастамалардың бірі болды.

Биылғы байқаудың іріктеу кезеңіне Қорға қарасты 9 компания қатысып, өзара бақ сынады. Атап айтқанда, олардан бес аталым бойынша 25 өтінім түсті. Бұл ретте жоба-кейстердің барлығы қызметкерлерді іріктеу мен дамыту, HR үдерістерді цифрландыру, таланттармен жұмыс істеу, қызметкерлердің жұмысқа белсенді қатысуы бойынша нақты жетістіктерді ескеру сынды қағидаларға негізделген.

«Самұрық-Қазынадағы» «HR-бренд 2025»: байқау жеңімпаздары анықталды
Фото: KEGOC

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов атап өткендей, алғаш рет өткізіліп отырған байқау қазірдің өзінде топ ішіндегі HR-тәсілдердің жоғары деңгейде қолданылып, жетілдіріліп жақтанын көрсетті.

— Бұл негізгі даму стратегиясы ретінде адам капиталына инвестиция құю бойынша таңдалған бағыттың тұрақтылығын растайды. Ұсынылған кейстер бойынша қатысушы компаниялар жергілікті бастамаларды ғана емес, қазіргі заманғы талаптар мен құндылықтарға, соның ішінде инклюзия, цифрландыру және әлеуметтік жауапкершілікке сәйкес келетін жүйелі HR шешімдерді де көрсетті. Бұл бастамалардың негізінде — тұрақты еңбек ортасын қалыптастыруға деген ұстаным, ал оның өзегінде — еңбек адамы тұр, — деп атап өтті Нұрлан Жақыпов.

Байқаудың сараптамалық бағалау қорытындысы бойынша бес аталымның үздіктері анықталды. Нақтысы, «Іріктеу шебері» аталымына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ лайық деп танылды. «Таланттар сәулетшісі» аталымын «Самұрық-Энерго» АҚ иеленді. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ «HR серпілісі» атанды. «Белсенділік драйвері» аталымы «Қазпошта» АҚ-ына бұйырса, «KEGOC» АҚ «Цифрлық HR жетекшісі» аталымында үздік болды.

Жеңімпаздардың кейстерін www.qsamruk.kz порталынан көріп, танысуға болады. Қор өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта байқауды жыл сайын ұйымдастыру көзделіп отыр. Сол арқылы ол еңбек қатынастарындағы реформалар бойынша сарапшылар мен көшбасшыларды біріктіретін HR-тәжірибелерді дамыту алаңына айналмақ. Сонымен қатар, бұл бастама еңбек, білім мен бастама ұсыну жоғары бағаланатын әлеуметтік әділ қоғам құруға, адамды құрметтеуге бағытталған басқару мәдениетін қолдаудың маңызды құралы болады.

«Самұрық-Қазынадағы» «HR-бренд 2025»: байқау жеңімпаздары анықталды
Фото: KEGOC

Атап өтерлігі, Қор тобы үшін өндірістік сала қызметкерлерінің кәсіби дамуы — үнемі басым бағыттардың қатарында Оған 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде 12 мыңнан астам жұмысшы маманның оқытудан өткені айғақ болады алады. Олардың қатарында беделді халықаралық Atomskills чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бар. Бұл — адами капиталға салынған ұзақ мерзімді инвестициялардың тиімділігінің жарқын үлгісі.

Жалпы, «Самұрық-Қазына» АҚ Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қызметкерлердің білімін толықтырып, кәсіби біліктілігін арттырып, әлеуметтік жағдайын жасауға айрықша мән беріп, игі бастамаларды қолға алды. Мәселен, 200 мыңнан астам қызметкердің жалақысы көтерілді. Бұл ретте жұмысшы мамандықтарға ерекше ден қойылды. Сол сияқты қызметкерлерге тұрғын үй беру және тұрмыстық инфрақұрылымды жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар басталды.

«Самұрық-Қазынадағы» «HR-бренд 2025»: байқау жеңімпаздары анықталды
Фото: «Самұрық-Қазына» АҚ

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қор компания өкілдерінің білімі мен біліктілігін арттыруды алға қояды. Айталық, Топтың жетекші компаниялары Назарбаев Университеті, КИМЭП, ҚБТУ, Сәтбаев университеті және өңірлік колледждермен бірлесіп дуалды оқыту бағдарламаларын іске асыруда. Қор кәсіпорындарында 5 мыңнан астам студент өндірістік тәжірибеден өтіп, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында бірқатар бастама жүзеге асып жатыр. Олардың қатарында 17 өңірдегі жетім балаларды және балалар үйінің тәрбиеленушілерін жұмысқа орналастыру бойынша «Тәлімгер» жобасы, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне кәсіптік бағдар беру және әлеуметтендіру бағытында «Samruk Úmiti» жобасы бар.

Әрине, HR-үдерістерге де ерекше назар аударылып келеді. Бұл бағытта қызметкерлерді іріктеу процестері жеңілдетіліп, цифрландырылды. Енді барлық жұмыс QSamruk.kz платформасы арқылы іске асады. Нәтижесінде қағазбастылық толығымен жойылды. Бос жұмыс орындары барлық адам үшін, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолжетімді. Сондай-ақ, қор Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында гендерлік тепе-теңдік бойынша жұмыстарды сәтті жалғастырып жатыр. 2030 жылға қарай компанияларда басшылық лауазымдағы әйелдердің үлесі кемінде 30%-ға жетуі тиіс деген меже аясында да жұмыс істеліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар