Самұрық-Қазына Үкіметке төлейтін міндетті дивиденттің мөлшері өзгеруі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының дивидендтік саясатын айқындау туралы» Үкімет қаулысының жаңа редакциясына қол қойды. 

Самұрық-Қазынаның Үкіметке төлейтін міндетті дивиденттің мөлшері өзгеруі мүмкін
Фото: t.me/samrukkazynaofficial

Қаулыға енгізілген өзгеріс құжаттан 9 және 11 тармақтардың күшін жойған. Осындағы 9-тармақта «Есепті жылдың қорытындылары бойынша жалғыз акционерге төленетін жыл сайынғы дивидендтердің ең төменгі мөлшері 25 (жиырма бес) миллиард теңгені құрайды» деп жазылған болатын. Жаңа редакцияда осы тармақ алынып тасталған. Осылайша «Самұрық-Қазынаның» Үкіметке жыл сайын аударатын дивидентінің ең төменгі мөлшері деген ұғым жойылып отыр.

— Қордың директорлар кеңесі жалғыз акционерге (Үкіметке — ред.) қордың шоғырландырылған таза кірісін бөлу тәртібі және қордың бір жай акциясына есептелген дивиденд мөлшері туралы ұсыныс береді, — деп жазылған қаулының 7-тармағында.

Сондай-ақ, қаулыдағы 8-тармақ өзгеріссіз қалып отыр. Демек, «Самыұрық-Қазынаның» Үкіметке жыл сайын аударатын дивидендтер қорда акцияларын сақтап отырған заңды тұлғалардан есепті кезеңде алынған дивидендтердің 50 пайызынан кем болмау керек. Бірақ бұл жерде «Самұрық-Қазына» арқылы Ұлттық қорға жіберілген дивиденттердің мөлшері есепке алынбайтыны нақтыланған.

Еске салсақ, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының бюджетке дивидент төлеу саясатындағы құйтырқы схемаларды атаған болатын

— Квазимемлекеттік сектор бюджетке дивиденттер ретінде 980 млрд теңге аударған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 23 пайыз төмен. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамына жүргізіп жатқан аудиттің алдын ала мәліметтері бойынша қордан жыл сайын төленетін дивиденттің мөлшері жүйе құраушы компаниялардан ғана алынатынын көрсетті. Соңғы 5 жылда қор жүйе құраушылар тізбесіне енгізілмеген компаниялардан дивидент ретінде 347 млрд теңге алған. Бірақ ол дивиденттер бюджеттің бөлінісінен тыс қалған, — деген еді.

Айта кетелік Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов «Самұрық-Қазына» бюджетке тиесілі дивиденттерді толық төлемей отыр деген еді

 

Соңғы жаңалықтар