«Самұрық-Қазына» АҚ дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға кірісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» АҚ дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға кірісті. Бұл туралы бүгін, Үкімет отырысында, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ө.Шөкеев хабарлады, деп жазады sk.kz.
None
None

«Әлемдік экономикадағы негативті өзгерістерге байланысты компаниялардың бизнес-жоспарлары да қайта қаралатын болады. Соның ішінде, бекітілген жоспардағы шығын көлемі 337 млрд. теңгеге қысқартылады, өзіндік құн 249 млрд. теңгеге төмендетіліп, жалпы әкімшілік шығындар 64 млрд. теңгеге, яғни 16,6 %-ға қысқарады. Бекітілген жоспардағы капиталды шығын 1,3 млрд. АҚШ долларына, тиісінше 18 %-ға қысқартылады», - деді Ө.Шөкеев.

Сондай-ақ, қордың инвестициялық бағдарламасын 18 %-ға қысқарту жоспарланған. Қор компаниялар тобындағы инвестициялық бағдарламалар химиялық, тау-кен, құрылыс, көлік, мұнай-газ салаларында қысқаратын болады. Сонымен қоса, Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы-2, «Нұрлы жол» бағдарламасы, «EXPO-2017» көрмесі нысандары мен өзге де стратегиялық маңызы бар жобалар жүзеге асырыла бермек. Ө.Шөкеев атап өткендей, қазіргідей алмағайып экономикалық жағдайда «Самұрық-Қазына» қоры бизнесті трансформациялау ісіне ерекше көңіл бөлетін болады. «Өткен жылдың 6 қазанында Мемлекет басшысы іске қосқан Қорды трансформациялау бағдарламасы Қор дамуының негізі болып табылады. Бағдарлама қор компанияларының дағдарысты жағдайларға деген иммунитетін күшейтеді. Сондықтан, экономикалық өлшемдердің төмендеп жатса да, біз бұл бағдарламаны тоқтатпаймыз», - дейді Ө.Шөкеев. Барлық компаниялар үшін алдағы 3 жылға трансформациялау Жол карталары жасалып, бекітілген. Қордағы бизнес-үдерістерге реинжиниринг жасау мен үздік халықаралық талапқа сай стратегиялық холдинг белсенді инвестор моделіне өту жұмысы да жалғасады. «2015 жылы біз 10 ірі компанияда операциялық трансформацияны бастаймыз, компаниялар бойынша 8 мың үдерісті зерделеп, қайта қарайтын боламыз. Жаңа KPI, еңбекақы төлеудің грейдирлік тәсілі, 10 HR-бастама жүйелері енгізіледі. Қор тобында IT-қызметтің орталығын жасау жоспарлануда, бұл 70 млн. АҚШ долларын үнемдеуге мүмкіндік береді. Компаниялар саны 600-ден 500-ге дейін қысқарады», - деді Ө.Шөкеев. Қор басшысы Жекешелендіру бағдарламасының 2015 жылы да жалғасын табатынын атап өтті. «2014 жылы Жекешелендіру бағдарламасы аясында 64 активті сату жоспарланса, соның 12-сі 4,1 млрд. теңгеге (бағалық құны 2,5 млрд. теңге болған) сатылды, 12 компания бойынша сатып алу келісім шарты қол қою кезеңінде, олардың жалпы сомасы - 20,3 млрд. теңге. Ірі 10 компания мен тағы 24 актив бойынша жұмыстар жалғасуда. 5 актив бойынша сауда 2016 жылға ауыстырылды. Осы жылы Қор тобы 17 активті сатуды жоспарлап отыр», - деп мәлімдеді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы.

Соңғы жаңалықтар