«Самұрық-Қазына» ереуіл мен наразылықты азайту үшін омбудсмен жұмысын күшейтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» АҚ өндіріс орындарында ереуілдер мен наразылықтарды азайту үшін омбудсмендер қызметін жетілдіруге ниетті. Бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің отырысында қор омбудсменінің қызметі және бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік тұрақтылық саласындағы жетістіктері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазынаның» 9 портфельдік ұйымында – «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «KEGOC» АҚ және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ омбудсмендер жұмыс істейді.

Биылғы наурыз айында «Самұрық-Қазына» АҚ омбудсмені болып тағайындалған Серікбай Тұрымов өз қызметі – арыз-шағымдарды тәуелсіз қарап, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес ұсыныс ензігу екенін, қор деңгейінде омбудсмендер кеңесін құрып, бірнеше жиын өткізгенін атап өтті.

Сонымен бірге, омбудсмен әлеуметтік өзара іс-қимыл және коммуникациялар орталығымен бірлесіп, «Нысана» атты жедел желі мен колл-орталық ұйымдастырған.

Бұл жұмысшылардан түскен 9 мыңнан астам өтінішті қарауға мүмкіндік берді, оның 811-і өзекті деп танылып, тиісті деңгейде зерделенген.

«Осы уақытқа дейін Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарында іссапарда болдық. Бұл сапарда портфельдік компаниялардың өндірістік мекмелеріндегі жағдаймен танысып, азаматтармен пікір алмастық. Яғни компанияда омбудсмен қызметі бар екенін, оған қандай мәселемен жүгінуге болатынын түсіндірдік. Барлық компанияларымызда, еншілес кәсіпорындарда омбудсменнің аты-жөні, телефоны ашық көрсетілген. Әсіресе «Қазатомпром» компаниясы қызметін ерекше атап өтуге болады, оның барлық еншілес кәсіпорнында – 20-ға жуық өндірісте омбудсмендер жұмыс істейді. Бұл жергілікті мәселелерлді шешуге, арыз-шағыммен дер кезінде танысып, тиісті ұсыным білдіруге мүмкіндік береді», - деді Серікбай Тұрымов.

Дегенмен, спикер барлық мәселені омбудсмендер деңгейінде шешу мүмкін еместігін, олардың да құзіреті шектеулі екенін жеткізді.

«Қазақстан темір жолында» 120 мың жұмысшы бар, «ҚазМұнайГазда» - 80 мыңдай адам жұмыс істейді. Жалғыз омбудсмен бәрінің арыз-шағымын толық қарап үлгермейді. Жалпы омбудсмендер жұмысы – азаматтарды қабылдау, тыңдау, ұсыныс-пікірлер беру, қажет болса, медиаторлық қызмет те көрсетеді. Сонджықтан омбудсмен жұмысын әлі де жетілдіріп, ірі копанияларда қосымша штат ашуға тырысамыз. Соңғы кездері арыз-шағым көбейді, қазір 811 арыз түссе, оның 720-сы омбудсмен деңгейінде қаралып жатыр. Арыздың көпшілігі еңбекақы, жұмыс орындарына байланысты келеді. Еңбекақы әр компанияның экономикалық жағдайына байланысты, сондықтан бұл мәселені омбудсмен шеше алмайды. Осы ретте компания басшыларымен, тиісті қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істейміз», - деп түсіндірді С. Тұрымов.

Жыл басынан бері 7 айда ереуілдер саны бес есеге азайды, ал ықтимал сын-қатер аймақтарының саны екі есеге азайды.


Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов айтып берді.

Оның айтуынша, ереуілдердің 12 жағдайының 9-ы мердігерлік компанияларда болған, ал еншілес ұйымдарда тек 3 жағдай тіркелген.

Өткен жылдың дәл осындай кезеңде 57 ереуіл тіркелген және 68 ықтимал сын-қатер аймағы анықталған, сондықтан айтарлықтай жақсару бар.

Спикердің айтуынша, портфельдік компанияларды уақытылы хабардар етудің арқасында көптеген сын-қатер алдын-ала шешіліп отырды.

«Біз қордағы компаниялар тобының әлеуметтік тұрақтылық деңгейін анықтау әдістемесін қайта қарадық. Жыл басынан бері зерттеулер жылдық негізде жүргізіледі. Жаңа әдістемеде проблемалық сәттерді шиеленіске дейін анықтауға мүмкіндік беретін мәселелер ескерілген. Осы қайта қарау арқылы ерте ескерту жүйесінің (SWS) мәліметінше және 2022 жылдың қорытындысы бойынша дабыл аймақтарының саны 68-ден 29-ға дейін қысқарды. Сондай-ақ, өткен жылмен салыстырғанда компаниялар тобындағы ереуілдер саны айтарлықтай төмендеді. 2022 жылдың алғашқы 7 айында 57 ереуіл оқиғасы тіркелсе, биылғы 7 айда – 12 наразылық тіркелген», - деді Ғибрат Ауғанов.

Сонымен бірге, Ғ. Ауғанов компаниялар тобында жылына екі рет зерттеулер жүргізілетінін айтты.

Жаңа әдістемеде шиеленіс тудыруы мүмкін проблемалық сәттерді ерте анықтауға көмектесетін аспектілер бар.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар қордың қоғамдық кеңесінен бірқатар ұсынымдар алды және «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында әлеуметтік тұрақтылық деңгейін арттыру және әлеуметтік әріптестік қағидаттарын нығайту бағытындағы әрі қарайғы қадамдар туралы шешім қабылдады.

«Бүгін айтылған барлық ұсыныстарды қарастырайық. Олардың ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бұл мердігерлік ұйымдарға қойылатын талаптарға да, ұжымдық шарттардың да мәселелеріне қатысты. Біз мұның бәрін хаттамаға енгізіп, тағы да талқылаймыз», - деді қоғамдық кеңес төрағасы Болат Жәмішев.


Соңғы жаңалықтар