«Самұрық - Қазына» халық өмірін жақсартуға бағытталған жобалардың екінші пакетін жариялады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының қызметі қайта реформаланып, ел өміріне пайда әкелетін тың жобалар қолға алынып жатыр. Қордың бүгінгі жұмысы мен алдағы мақсаты туралы басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы биыл Қазақстан халқына Жолдауында «Самұрық-Қазына» қорының экономиканың басты салаларына бақылау жасауға ғана жеткілікті ықпалы бар мажоритарлы инвесторға айналуы керектігі туралы айтқан еді.

«Қордың басқа активтері мен акцияларын жекешелендіру керек. Оны жүзеге асыруға «Халықтық ІРО» тәсілін де қолдануға болады. «Самұрық-Қазына» қоры жеке инвесторлар дербес жүзеге асыра алмайтын аса маңызды жобаларға инвестор ретінде қатыса алады»,- деген еді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда қор басшысы «Самұрық-Қазына» жобаларының екінші пакетін жариялап отыр.

«Біз елімізде басымдыққа ие 16 инвестициялық жобаны ұсынамыз. Оның ішінде 13-і яғни жобалардың бірінші пакетін биыл көктемде жарияладық. Оның қатарына Алматы ЖЭО-ны газдандыру, Батыс Қазақстанды сумен жабдықтау, жаңа газ құбырлары және темір жолдар салу сияқты бастамалар кірді. 16 жобаның жаңа тізімінде мұнай-газ химиясы, ұлттық электр желісін жаңғырту, базалық қуат көзін салу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту жобалары, 5G интернетін тарту, жаңа теміржолдар салу және тағы басқа шаруалар бар», - деді Алмасадам Сәтқалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қор жобалары Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

«Жобалар ұзақмерзімді сипатқа ие. Атап айтқанда жұмыс орындарын ашу, еңбек жағдайлары мен экологиялық ахуалды жақсарту. Сонымен қатар тіршілік үшін маңызды әлеуметтік инфрақұрылым және бизнесті дамыту жобалары бар», - дейді ол.

«Самұрық-Қазына» жобаларының ішінде халық тіршілігі үшін маңызды болып есептелетін «Астрахан-Маңғышылақ» магистральды су тартқышын реконструкциялау, Кендірлі кентінде теңіз суын тұщыту зауытын салу, «Мақат- Солтүстік Кавказ» лупингін салу, Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыты мен Алматыда газ инфрақұрылымын салу жоспары бар.

Сондай-ақ, Алмасадам Сәтқалиев қор акцияларын жекешелендіру және ұлттық компанияларды IPO-ға шығару тақырыбын сөз етті.

«Биыл 1 тамызда Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия бәсекелі ортаға беру үшін активтердің жаңартылған тізбесін келісіп, бекітті. Ол бойынша 2 тамызда ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданды. Жекешелендіру бойынша қор активтерінің саны 105-тен 254-ке дейін ұлғаятынын айтқым келеді. Сол сияқты компанияларды IPO-ға шығару жұмысы белсенді жүріп жатыр. Атап айтқанда, биыл «Қазмұнайгаз» бойынша KASE және AIX жергілікті биржаларында IPO өткізу үшін дайындық жұмыстары белсенді жүргізілуде. Ал «AirAstana» компаниясы IPO-ға өтуге дайын», - деді қордың басқарма төрағасы.

«Самұрық – Қазына» басшысы келтірген мәліметке сәйкес, 2025 жылға дейін Қазмұнай, AirAstana, QazaqGaz және Қазақстан темір жолы компаниясын IPO-ға шығару, ал KEGOC компаниясын SPO-ға өткізу жоспарланып отыр.

Қор жұмысына қатысты тағы бір жаңалық акцияларды жекешелендіру және IPO/SPO-ға өту бойынша ресми сайт іске қосылды. (https://ipo.sk.kz/ipo/)

«Самұрық-Қазына» ұлттық қоры атынан жаңа сайтты ашылуы туралы хабарлауға рұқсат етіңіздер. Ол жерде инвесторларға арналған барлық ақпарат бар. Яғни қор акцияларын жекешелендіру мен IPO/SPO-ға қатысты толық ақпарат алуға болады», - деп жаңа сайтты таныстырды А. Сәтқалиев.

Осы орайда IPO/SPO-ға өтетін компаниялардың «Самұрық Қазына» қорына тиесілі акция үлесіне тоқталсақ.

Қор «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының 90,4%, «AirAstana» 51%, KEGOC 90%, «Самұрық-Энерго» 100%, QazaqGaz 100% және Қазақстан темір жолы компаниясының 100% акциясына ие.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында қор төрағасы Қазақстан темір жолы компаниясының қайта құрылатыны туралы айтты.

«Қазақстан темір жолы» - еліміздің негізгі логистикалық хабы. Аталған компанияны қайта құрудағы мақсат - ұлттық экономиканың экспорттық әлеуетін және ішкі қажеттіліктерін іске асыру. Транзиттік тасымалдардың өсу қарқынын сақтап, жаңа бағыттар санын арттыру. Сондай-ақ, біздің алдымызда көлік қызметтерінің әлемдік нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыру және темір жол қызметі саласын цифрландыру міндеті тұр. Одан бөлек, сервис сапасын жақсарта түсіп, клиентке бағдарлауымыз керек», - деді ол брифингте.

«Самұрық-Қазына» басшысының мәлімдеуінше, «Қазақстан темір жолы» компаниясы транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылмақ. Компанияны қайта жаңғырту арқылы оның қаржылық тұрақтылығын сақтап, функционалы мен құзыретін кеңейте түспек.

Одан бөлек, Алмасадам Сәтқалиев ҚТЖ-ның қызмет көрсету географиясының кеңейе түсетінін тілге тиек етті.


Соңғы жаңалықтар