«Самұрық-Қазына» қоры мажоритарлы инвесторға айналады

«Бұған дейін айтылғандай, мемлекет өзінің экономикаға араласуын біртіндеп азайта береді. «Самұрық-Қазына» қоры экономиканың басты салаларына бақылау жасауға ғана жеткілікті ықпалы бар мажоритарлы инвесторға айналады.
Қордың басқа активтері мен акцияларын жекешелендіру керек. Оны жүзеге асыруға «Халықтық ІРО» тәсілін де қолдануға болады.
«Самұрық-Қазына» қоры жеке инвесторлар дербес жүзеге асыра алмайтын аса маңызды жобаларға инвестор ретінде қатыса алады»,- деген Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаларды Президент анықтап отыратынын атап өтті.
«Келесі мәселе – еліміздің транзиттік қуатын арттыру. Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр.
Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, Ақтауда контейнер хабы құрылып жатыр. Транскаспий дәлізі дамып келеді. Осы жұмыстарға әлемдегі үздік логистика компаниялары тартылады», - деді Президент.
Фото: kapital.kz