«Самұрық-Қазына» қоры мен Назарбаев Университеті ғылыми-зертханалар құрмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары - «Тау-Кен Самұрық» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ және «Бірлескен химиялық компания» ЖШС - «Назарбаев Университет» ДББҰ (әрі қарай - Университет) химиялық, көмір және геологиялық ғылыми-зерттеу зертханаларын құру бойынша жол карталарына қол қойды, деп хабарлайды «Самұрық-Қазына» ұлттық әл ауқат қоры» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі.
None
None

Бекітілген жол карталары шеңберінде Университет негізінде тәжірибелік ғылыми-өндірістік орталықтарды құру және жабдықтау бойынша жұмыс жүргізу жоспарлануда. Бұл бастаманы Қор өкілдері мемлекет басшысының Қазақстанның үшінші жаңғыруы туралы тапсырмасына сәйкес қолға алған.

«Бүгінде біздің компанияларымыз мемлекеттік индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының ұстанымдарына сай әзірленген бастамаларды жүзеге асыруда. Кез-келген жаңғыртудың мәні өндіріске технологияларды енгізумен байланысты. Назарбаев Университетімен қарым-қатынасты нығайту арқасында біздің өсіп келе жатқан және жетілген компанияларымыз кәсіпорындарының алдында тұрған нақтылы міндеттерді шешу үшін іргелі зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік алады. Назарбаев Университеті болса, өз кезегінде зертхана алаңына қол жеткізеді, сонымен қатар тәжірибелік зерттеулерді өткізіп, компанияларымыздың қарамағындағы кен орындарынан материалдарды сынай алады. Осы бірлескен жұмыстың нәтижесі жоғары болатынына үміт артамыз», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.

«Қазіргі таңда біз өзара серіктестіктің үш негізгі бағытын айқындап алдық. Назарбаев Университеті мен «Самұрық-Қазына» қорының бірлескен жобаларға кіріскеніне қуаныштымын. Бұл ретте біздің факультет әр алуан салалардағы ғаламдық тәжірибесі мен білімдерімен бөлісуге дайын. Қордың қолдауымен өнеркәсіп, бизнес пен зерттеу факультеті арасында тығыз қарым-қатынасты орнату мақсатында біз нақтылы тәжірибелік зерттеулерді жүзеге асырамыз» - деді «Назарбаев Университет» ДББҰ Президенті Шигео Катсу.

Жол карталары аясында биылғы жылдың күзінде агрохимия өнімдерін халықаралық талаптарға сәйкес сертификациялау бойынша жұмыс істейтін алғашқы зертханалар ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар 2017 жылдың соңына дейін Университет негізінде мұнай өңдіру саласында зерттеу жүргізу үшін арнайы зертхананы құру көзделген. Ал тау-кен ғылыми -өндірістік орталықтардың негізінде байытудан бастап металлургияға дейінгі технологиялық тізбек бойынша өнеркәсіптік сынақтар жүзеге асырылмақ.

Алдағы уақытта Қор Университетпен серіктестікті кеңейтуді көздейді. Жыл аяғына дейін Қордың салалық қоржындық компаниялары мен Университет арасында мұнай-газ және энергетика салаларына қатысты ғылыми-зерттеу зертханаларын құру жөніндегі жаңа жол карталарын бекіту жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар