15:13, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Самұрық-Қазына» қоры облыс әкімдіктерінің шағын бизнесті қолдауға арналған, алайда игерілмеген қаржысын «ҚазАгро» холдингі арқылы ауыл халқын шағын несиелеуге бағыттауды ұсынды
АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Самұрық-Қазына» қоры облыс әкімдіктерінің аймақтардағы шағын және орта бизнесті қаржыландыруға арналған, алайда «Даму» қорына аударылмаған қаржыларын «ҚазАгро» холдингі арқылы ауыл халқын шағын несиелеуге бағыттауды ұсынып отыр.
![None None](/static/img/plug.webp)
Бүгін Үкімет отырысында аталмыш қордың басшысы Қайрат Келімбетов осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыста облыс әкімдіктерінің шағын және орта бизнесті қолдауға арналған қаржыларын игеру бойынша бірқатар қиындықтардың туындағаны туралы айтқан Қ. Келімбетов: «Әкімдіктер бекіткен басымдықтар және процедуралар бойынша кәсіпкерлерді банктер арқылы қаржыландыру қиындау болып шықты. Бұл ретте әкімдіктердің талаптарын біз негізді, алайда банктер арқылы белгіленген мерзімде орындалмайтын талап деп санаймыз. Соның салдарынан әкімдіктердің бөлген қаржысының бір бөлігі былтырғы жылы игерілмей қалды. Осыған байланысты біз әкімдіктердің «Даму Аймақтар» бағдарламасын қаржыландыруға арналған, алайда «Даму» қорына аударылмаған қаржыларын «ҚазАгро» холдингі арқылы ауыл халқын шағын несиелеуге бағыттауды ұсынамыз», деді.
Оның айтуынша, бұл ауыл кәсіпкерлерінің мемлекет қаржысына қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Облыс әкімдіктерінің өкілдері мұндай әдісті қолдап отыр. «Тиісті ұсыныстарды біз Үкіметке енгіздік. Біз осыны қолдауды сұраймыз», деді Қ. Келімбетов.