Сән-салтанат салығы, Ұлттық қордан балаға аударылған қаражатқа баспана алу – Қуантыров несімен есте қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тағайындалғанына 2 жылдан сәл ғана астам уақыт өткен кезде лауазымды қызметімен қош айтысты. ҚазАқпарат экс-министрдің осы уақыт аралығында халық арасында несімен есте қалғанына шолу ұсынады.

Есте болса, 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын жария еткен кезде салықтың жаңа түрін енгізуді ұсынған еді.
«Салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізген жөн. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады», — деген болатын Президент.
Осыдан кейін Ұлттық экономика министрлігі жаңа салықты енгізу үшін тиісті заң жобасын әзірлеуге жедел кірісіп, Франция, АҚШ, Еуропаның осындай салық түрін енгізген бірқатар елінің тәжірибесін зерделеп те үлгерген еді. Заң жобасы өткен жылы Парламент депутаттарының қарауына енгізіліп, биыл жаңа Салық кодексі аясында күшіне енуі тиіс-тін. Бірақ, 2024 жылдың 1 қаңтарында мұндай құжат күшіне енген жоқ. Министрлік қабырғасынан аса алмай әлі талқылауда жатыр. Тіпті, Мәжіліс депутаттарының қарауына да түспеген. Айталық, қазіргі уақытта Мәжіліс депуттарының қарауында 82 заң жобасы жатыр. Оның ішінде дәл осы салыққа қатысты «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ғана заң жобасы бар. Ал бұл құжатта сән-салтанат салығының қарастырылмайтындығы заң жобасының атауынан-ақ көрініп тұр.
2022 жылдың желтоқсанында Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер министрден сән-салтанат салығына қатысты заңды қабылдау қай мерзімге жоспарланып отырғанын сұрағаны есте.
«Келесі жылы Салық кодексі бойынша негізгі жұмыстар атқарылады. Бірінші жартыжылдықта талқылап, ортақ шешімге келеміз. Біздің жоспарымызға сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Егер қосымша уақыт керек болса, біз оны қарастырамыз», — деген еді Әлібек Қуантыров.
Мемлекет басшысының жоғарыда атаған Жолдауында Ұлттық экономика министрлігіне қатысты тағы бір тапсырмасы Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы шотына аудару болғаны белгілі.
«Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан, мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор — балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын», — деген еді Президент.
Әлібек Қуантыров бастаған ведомство бұл тапсырманы мүлтіксіз орындай алды десек артық айтқандық емес. Осы жылдың 1 ақпанында еліміздегі 18 жасқа дейінгі балалардың барлығына Ұлттық қордың 2023 жылғы инвестициялық табысынан 100 доллар мөлшерінде алғашқы жарна түсті. Әрине, қордың жыл сайынғы инвестициялық табысына байланысты бұл сома өзгеріп отыратындығы сөзсіз.
Ресми мәлімет бойынша, бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны — 6 919 131 бала (қоса алғанда, 01.01.2006 ж. бастап 31.12.2023 ж. дейін туылған балалар). Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады (қоса алғанда, 01.01.2006 ж. бастап 31.12.2006 ж. дейін туылған балалар).
«Олардың барлығына өткен жыл үшін Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 центі мөлшерінде бірдей сома есептелді. Бұл тек алғашқы есептеулер екенін түсіну маңызды! Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі», — деп мәлімдеген еді бағдарламаның ресми операторы — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.
Алдағы 18 жылда дүниенің қалай құбылары белгісіз. Егер дәл қазіргі жағдаймен есептер болсақ, 18 жылда жылына 100 доллардан баланың шотына 1 800 доллар түседі екен. Теңгенің қазіргі бағамын орташа есеппен 450 теңге деп алғанда 800 мың теңгеден асады. Ал министр баланың шотына түскен дәл қаражаттың ауылдан үй алуға болатындығын айтады.
«Жалпы, былай айтқанда үй алу бағалары республика бойынша әртүрлі ғой. Ол өңірлерге байланысты. Ауылда басқа баға, қалада басқа баға. Бірақ та мысалы кейбір ауылдарда үй алуға жетеді. Мысалы, ауылда үй 1,5-2 млн теңге тұрса мүмкіндік бар. Бірақ, ипотека алуға алғашқы жарнаға жететін шығар деп ойлаймын», — деді Әлібек Қуантыров.
Ал біздің, әрине, болжамды есептеуімізше, баланың шотына жиналған 18 жылдағы қаражат министр айтып отырған ауылдағы үйдің жарты құнын төлеуге ғана жеткілікті.
Айтпақшы, жұмыс істеп жүрген азаматтардың қарттыққа деп қам жасап жинап жүрген БЖЗҚ-дағы 173 млрд теңге қаражатына жолаушылар вагонын сатып алу бастамасы да Әлібек Сәкенұлы министр болған тұста көтерілді. Министрдің айтуынша, қаражат жолаушылар және жүк вагондарын сатып алуға жұмсалмақ.
«Жүк және жолаушылар вагондарының тозу деңгейі 50-ден 70 пайызға дейін құрайды. Оларды отандық жеткізушілер жеткізеді, яғни ақша экономикада қалады. Шын мәнінде мұның пайдалы әсері үлкен. Жұмыс орындары құрылады», — деп сендірген еді ведомство басшысы.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатын «Бәйтерек» холдингі арқылы вагон сатып алуға жұмсауды көздейтін жоба туралы пікірі білдірген еді.
«Қаржы институттарының, оның ішінде «Бәйтеректің» міндеті — осы мәселелерді толыққанды шешу. «Бәйтерек» — 100 пайыз мемлекеттік холдинг. Сондықтан БЖЗҚ қаражатының қайтатынына да 100 пайыз кепілдік бар. Осыны түсіну маңызды. Ал холдингтің қандай жобаларға несие тартатыны екінші мәселе. Сондықтан мен 100 пайыз кепілдік бар екеніне және пайыздық мөлшерлемесіне көбірек мән беру дұрыс дер едім», — деген еді Роман Скляр.