SANA: Израиль әскері Сирияның оңтүстігіндегі бірнеше елді мекенге кірді
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль әскері Сирияның оңтүстігіндегі Эль-Кунейтра провинциясының бірнеше елді мекеніне кіріп, бақылау-өткізу бекеттерін қойды, деп хабарлайды SANA.

Агенттікке сілтеме жасап ТАСС-тың хабарлауынша, Израильдің оккупациялық күштері Эль-Кунейтра провинциясының оңтүстік бөлігіндегі бірнеше ауыл мен қалаға кіріп, онда өткізу-бақылау бекеттерін орнатып, жергілікті тұрғындарды тінтіген.
Бес әскери көліктен тұратын колонна Израиль оккупациялаған Голан жотасындағы Эр-Рафид қаласына кірді. Тағы бір колонна Рувейхина провицияның орталығындағы Дамасктен 70 км қашықтықта тұрған ауылға кірді. Израиль әскері басып кіргеннен кейін бірнеше сағаттан соң қайта шегінді.
26 шілдеде Парижде АҚШ-тың арағайындығымен Сирия мен Израиль делегациялары арасында келіссөз жүрді. Дамасктегі дипломатиялық дереккөздің хабарлауынша, тараптар Израиль мен Сирияның Голан жотасындағы күштерін бөлу туралы 1974 жылғы келісімді жаңғырту мәселесін талқылаған.
Оның мәліметтері бойынша, Сирия тарапы Израиль әскерін жақында ғана басып алған жерлерден шығаруды талап еткен.
Осыған дейін АҚШ-тың Сириядағы қақтығысты тоқтатуға уәде бергені туралы жазған едік.