Санақ: Түркістан облысында 160-қа жуық нұсқаушы жұмысқа қабылданды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Елімізде ауыл шаруашылығы санағы офлайн форматта 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтеді.

Ауыл шаруашылығы санағының алғашқы күні санаққа 5 мыңға жуық респондент қатысты
Фото: Kazinform

Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Бекжановтың айтуынша, ұлттық статистика бюросы алынған барлық деректердің құпиялығына кепілдік береді. Мәліметтер тек статистикалық мақсаттарда ғана пайдаланылады және салық органдарына немесе басқа мемлекеттік мекемелерге берілмейді. Арнайы мамандар санақты үйме-үй аралау арқылы жүргізетін болады.

Бүгінде ауыл шаруашылығы санағын ақпараттық қамтамасыз ету үшін өңірде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елді мекендерде санақ өтетіні туралы аудиожазбалар таратылып, билбордтарға баннерлер ілінген. 

— Қазіргі уақытта облыс бойынша 159 нұсқаушы осы жұмысқа тартылды. Алдағы уақытта өтелмелі қызмет көрсету шарты бойынша 636 сұхбатшы қабылданады. Жүктеме нормасын толық орындаған жағдайда олардың орташа айлық еңбекақысы 185 366 теңгені құрайды. Сұхбатшылардың қауіпсіздігі үшін жергілікті полиция қызметкерлерінің, медициналық пункт мамандарының байланыс нөмірлері беріліп, арнайы ит үркіткіш құралдармен қамтамасыз етіледі, — деді Нұрқожа Бекжанов.

Айта кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 1 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны санақтан өтетіндігін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар