Сананы жаңғыртудың өзегі неде

Бүгінде қоғам санасын жаңғыруға қатысты сан алуан ұсыныстар айтылуда. Біреулер осы бастаманы пайдаланып, ауылды дамытуға ден қою қажет десе, енді біреулер әкімдердің «Туған жерді» ұрандатып, жергілікті кәсіпкерлерді жұмысқа жегетініне алаңдайды. Жастарды киелі жерлермен аралатып, ішкі туризмді дамыту жоспарлары да бар. Бүгінде өңірлер бойынша киелі жерлердің картасы да дайындалып жатыр. Әлбетте, тарихи сананы жаңғырту үшін білім керек. Онымен бірге мәдениет те келеді. Ал соның барлығы туған тілмен келмесе, сананың жаңғыруы екіталай. Осы орайда профессор Назигүл Төленбергенованың көкейінде жүрген өзекті бір мәселесі еске түседі. Дәл осы мәселе бүгінгі жаңғырудың негізгі өзегі десек, қателеспейміз. Оның айтуынша, жаңғырудың түп тамыры - бала тәрбиесі. «Тіл комитеті ұйымдастырған конференцияда Қытайдан келген бір профессордың сөзі есімнен кетпейді. Ол айтады, қазақ тілінде 42-ақ әріп бар, ал Қытайда ұдайы қолданылатын иероглифтердің саны 100 мыңнан асады. Қытайлық отбасыда ана ғана баласының болашағын ойлайды екен. Балабақшаға да, ешқайда жібермейді. Күнде баланы сөзге үйретеді. Бала бес жасқа келгенде 50 мың иероглифті біліп шығады. Біз болсақ, әдістемені жөндейміз, тіл үйренудің жаңа жүйесін ойлап табамыз. Алайда өз тілімізде сөйлемейміз. Сондықтан аналар өз балаларына тілді оқытуды қолға алуы қажет», - деп атап өтеді дейді ғалым Төленбергенова. Бұл ретте сарапшы әсіресе ауылдағы отбасылардың бала тәрбиесіне назар аудартады. Мысалы, көбінесе ауылды жерлерде баланың тәрбиесі әжелерде. Немере ата-әжесінің ертегісін тыңдап өседі. Қариялар Алпамыс мен Қобыланды жырларын, Қорқыттың аңыздарын жатқа айтып береді. «Меніңше, руxани жаңғыруды содан бастау қажет. Руxани жаңғыруға аналар атсалысуы қажет. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді дана xалқымыз. Ал сол бесікті кім тербетеді? Әрине, ол - ана. Сондықтан бүгінде қоғамдық сананы жаңғыртамыз десек, аналардың рөлін күшейту керек. Олар бесік жырын айтсын, ертегі айтсын, сонда ғана бесігіміз түзеледі», - дейді сарапшы.
Айта кетерлігі, дәл осы тіл мәселесін қоғам қайраткері Алдан Смайыл да қозғаған. Жазушының айтуынша, тіл мәселесін үйде де, түзде де ұмытпау қажет. «90-жылдары Ақмоладағы жігіттер тілімізді қорғайық деп, осында «Қазақ тілі» қоғамын құрғанбыз. Ол республикада ең бірінші қазақ тілі қоғамы болды. Алматыдағы қоғам бізден үш ай кейін құрылды. Сол кезде қолымызға қағаз-дәптер алып, Құдайдың құтты күні жұмыстан кейін үйлердің есігін қағатынбыз. Бір есікті ашасың, орыс ашады. «Извините, пожалуйста, Мурат на каком этаже?» деп өтірік сұрайсың, «Никакого Мурата не знаю!» деп есікті гүрс еткізеді. Содан келесі есіктен бір қазақ шығады. «Қазақ сыныптарын ашайын деп едік, балабақша ашайын деп едік. Соған топтарға бала жинап жүрміз. Балаңды бересің бе?» десең, «Не сандалып жүрсің!» деп ол есікті гүрс еткізеді. Үшінші бір есікте «Ойланайық!» дейді. Төртінші есікке барғанда келіседі. Міне, осылай-осылай біз жаз бойы, күз бойы балаларды жинап, сол жылы қазақ балабақшасын аштық. Бәрі содан басталды», - дейді Алдан Смайыл. Оның асөзіне қарағанда, бір жылдың ішінде 10-15 мектепте қазақ сыныптары ашылған. Бара-бара қазақ сыныптары емес ектептері құрыла бастады. Үш-төрт жылдың ішінде облыс бойынша ондай мектептердің саны 92-ге жеткен еді.
«Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театр да «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен ашылды. «Жаңғыру» деген осы ма? Осы! Жаңғыру үшін осылай жұмыс істеу керек. Ағайын, менің бұны айтып отырғаным, жаңғырғыларың келсе, өскілеріңіз келсе, сөзді қойып, осылай жұмыс істеу керек. Жасың жетпісте ме, бірде ме, елдің арасына шық та, әлгіндей жұмыс істе», - деп атап көрсетті Алдан Смайыл.
Ал алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының ойынша, бүгінгі рухани жаңғыру шараларын іске асырғанда «велосипед ойлап табудың қажеті жоқ». Себебі оның бәрін Алаш зиялылары жазып кеткен. «Алаш зиялылары сол дәуірдің өзінде биліктің де, заң шығарушы саланың да, руханият пен білім саласының да негіздерін қалыптастырды. Менің есіме 1924 жылғы тұңғыш Білімпаздар съезінің қаулысы түсіп отыр. Қазір біз айтып жатқан мәселелердің бәрі қаралды. Тура сол жылы латын әліпбиі де қаралды. Ол кезде жиынға көп азаматтар қатыспайды. Соның өзінде ақыл-ойдың бірізділігі мен мәдени мұра мәселесі қаралды. Бүгінгі жазу да бар. Жасыратыны жоқ, қазір заңның өзі алдымен орысша, одан кейін қазақша даярланады. Басқа дүниелер де бар. Осының барлығы сол кезде айтылды. Сонымен бірге қазіргі жаңғырудың күретамыры - оқулық жазу, классикалық оқулықтарды аудару мәселесі бар. Бұл да - Алаш зиялыларының жүріп өткен жолы. Олар да мүмкіндігінше аударатын нәрсені аударайық, әйтпесе, өзіміз жазайық деп айтқан», - дейді профессор.
Айта кетерлігі, Алаш зиялыларының ел мен жер тарихына қатысты бастамалары бүгінгі «Туған жер» бағдарламасымен үндесіп отыр. Өйткені, расында баспасөз ісіне араласқанда Алаш қайраткерлері де осы мәселені көлденең қойған болатын. «Бірінші, ауылыңның тарихын жаз, болыстықтың тарихын жаз, уездің тарихын жаз, губернияның тарихын жаз, содан елдің тарихы шығады», - деді олар.
Түйіндей айтсақ, бізге де өткен ғасыр басында Алаш арыстары арқалаған жүкті көтеруге тура келіп отыр.