Санавиация қызметкерлері Киевте ес-түссіз жатқан Қазақстан азаматын Алматыға жеткізді

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, С. Қорласбаев Киев қаласына қант диабеті мен оның асқынуы (аяқ диабеттік ангиопатиясы, диабеттік табан синдромы) сырқатынан өз қаражатына емделу үшін барған болатын. Украиндік медициналық қызметкерлер оның оң аяғын санның үштен бір ортасы деңгейінде кесіп алып тастаған. Аталған отадан соң С. Қорласбаев комаға түскен.
Пациент стационар жағдайында әрі қарай қажетті медициналық көмек алу үшін Алматы қалалық №7 клиникалық емханасының жан сақтау бөліміне аман-есен жеткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, бұл ағымдағы жылы шетелден ауыр халде санитарлық авиация әкелген Қазақстанның 10-шы азаматы. Алыс-жақын шетелден жеткізілетін барлық медициналық тасымалдаулар республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.