Сандуғаш Кенжебаева Қытайдағы турнирдің жеңімпазы атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, 20 жастағы Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Мааньшань (Қытай) ITF W15 турнирінде үздік шықты.

Жарыстың 2-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық теннисші ресейлік Софья Лансеремен бірге барлығы төрт кездесуін жеңіспен тәмамдады.
Қазақстандық-ресейлік жұп финалда доданың 1-ракеткалары, қытайлық Меики Куо – таиландтық Пеангтарн Плипуекпен чемпиондық атақ үшін таласты.
Бірінші партияда Кенжебаева – Лансере 6:3 есебімен басымдылық танытты.
Екіншісінде қытайлық-таиландтық дуэт қарымта қайырды – 6:3.
Супер тай-брейкте Сандуғаш пен Софья таразы басын аудара білді – 10:8.
Финалдық матч 1 сағат 14 минутқа созылды.
Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында биыл жыл басында Түркиядағы осындай екі жарыста жеңімпаз атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Сандуғаш Кенжебаеваның екінші рет Түркиядағы жарыстың чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.