Сандықтау ауданында тағы 115,8 млрд. теңгенің 11 жобасы жүзеге асырылады
Айта кетейік, Индустрияландыру картасы бойынша өңірде 13-ке жуық жоба қолға алынған.
Мәселен, аудандағы әкелі-балалы Закусиловтар басқаратын «Максимовка» және «Свободное» ЖШС бидай, күнбағыс, бұршақ және зығыр сияқты майлы дақылдарды өсірумен айналысуда. Соңғы кездері егінді егу мен өңдеуге дейінгі аралықтағы арнайы техникамен толық жарақталған қос серіктестіктің тасы өрге домалап отыр.
Сонымен қатар, бұл серіктестіктер индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасына да белсенді қатысуда.
«Бүгінгі күні «Максимовка» серіктестігінде осы бағдарлама шеңберінде құны 282 миллион теңге, сыйымдылығы 18000 тоннаны құрайтын 6 астық сақтау және оны кептіру қондырғысы орнатылуда. Осындай қондырғының құрылысы «Свободное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де жүргізілуде. Мұндағы кешеннің құны 358 миллион теңгеге бағаланып отыр», - дейді А.Закусилов.
Екі шаруашылықта да қолға алынған жобалар ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында толықтай жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде әрбіреуінде қосымша 10 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сондай-ақ «Пз Балкашинский» ЖШС алдағы уақытта ангус тұқымды ірі қара өсірмек. Осы мақсатта мұнда жалпы құны 434 миллион теңгені құрайтын 165 бас ірі қараға арналған «Репродуктор шаруашылық» жобасы жүзеге асырылуда.
Серіктестік басшысы Адлан Докаев: «Жобаны 2014-2015 жылдары жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Әзірге құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысан пайдалануға берілген кезде он бес адамды тұрақты жұмыспен қамтитын боламыз», - деп отыр.