Санитарлық нормалар орындалмаған балалар лагерлері жабылады - министрлік

АСТАНА. ҚазАқпарат – Балалар демалатын лагерьлерде санитарлық нормалар орындалмаса, бұл нысандар бірден жабылады. Тиісті норма заң жобасында қамтылып, Мәжіліс қарауына енгізілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Балалар демалатын лагерьлердің мәселесіне тоқталсақ, олардың 80 пайызы шағын бизнеске тиесілі. 2020 жылдан бастап шағын бизнесті тексеруге мораторий енгізілді. Бұл тұрғыда лагерьлер 2020 жылдан бері жоспарлы түрде тексерілмеді. Олар тек жоспардан тыс тексеріледі. Атап айтқанда, адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнген нақты факті болса ғана жоспардан тыс тексеру өтеді. Тек осы жағдайда прокуратура жоспардан тыс тексеру жүргізуге мүмкіндік береді. Біз не істедік? Мәжіліс қарауына тиісті заң жобасы енгізіліп, бұл құжатқа сәйкес бақылаудың жаңа түрін енгізіп жатырмыз. Санитарлық нормалар мен ереже талаптары сақталмаған жағдайда, олардың қызметін тоқтатуға мүмкіндік беретін тергеу, жедел әрекет ету шаралары сияқты бақылау нормасы енгізіліп жатыр», - деді А. Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Бұдан бұрын Бурабайдағы лагерьде балалар үшін жағдай дұрыс жасалмағаны анықталған болатын.

Ақмола облысындағы балалар лагерінде самогон аппараты, пневматикалық қару табылды.

Ал Қонаевтағы балалар лагерінің директоры жұмыс орнында мас болып жүргені белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар