Санкт-Петербор губернаторы бастаған Ресей делегациясының Астанаға ресми сапары аяқталды

Үш күнде екі мегаполис арасында берік ынтымақтастық орнады. Сапар аясында Санкт-Петербор мен Астана қалаларының арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықтың 2013-2015 жылдарға арналған бағдарламасына қол қойылды. Басты іс-шара «Санкт-Петербор - Астана: стратегиялық және инвестициялық ынтымақтастық» бизнес-форумы аясында іскерлік байланыстар биржасы өтті, онда Санкт-Петербор мен Астана қалаларының басшыларына әлеуетті серіктестермен жеке іскерлік кездесулер ұйымдастырылды.
Іскерлік бағдарламаға үш тақырыптық дөңгелек үстел енгізілді. Атап айтқанда, «Қаланың тұрғын үй-коммуналдық және өнеркәсіптік кәсіпорындардағы энергия тиімділігін арттыру және энергия тиімділігі технологиялары», «Денсаулық сақтау, медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіп: стратегиялық ынтымақтастық», «Мегаполистегі конгресстік-көрмелік қызмет. Санкт-Петербордың EXPO-2017 көрмесіне қатысуы».
Сонымен қатар, бұл күндері меймандар қазақстандық әріптестерімен бірге елорданың бірқатар ныысандарын аралады. Георгий Полтавченко және Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Астана Опера» театрында, «Назарбаев Университетінде», Тәуелсіздік сарайында және Оқушылар сарайында болды.
Бұдан басқа, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Бейбітшілік және Келісім сарайында Санкт-Петербор мемлекеттік орыс оркестрінің концерті, сондай-ақ Санкт-Петербор қаласының 300 жылдығына арналған коллекциялық альбомға енген суретшілердің еңбектерінің «Петербор симфониясы» және «Сурет өнеріндегі Санкт-Петербор тарихы мен мәдениеті» көрмелері өтті.
Санкт-Петербор губернаторы Георгий Полтавченко бастаған ресейлік делегацияның Астанаға ресми сапары қос қаланың арасындағы достық және әріптестік қарым-қатынастарды нығайтудағы атаулы және маңызды оқиға болып табылады. Үш күннің ішінде Астана және Санкт-Петербор қалаларының арасында денсаулық сақтау, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық салада ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды құжаттарға қол қойылды.