Санжар Тәшкенбай: Әлем чемпионатына қарағанда, Қазақстандағы жарыстарда ұту қиын

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бала кезімнен Олимпиада чемпионы болуды армандап келемін. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасындағы «Жаңа түнгі студия» бағдарламасында әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: instagram.com/boxingkazakhstan

«Халықтың қолдауын жақсы сезініп отырмын. Баршамыз біріксек, үлкен белестерді бағындырамыз. Әлем чемпионатына ең мықты дегендер келеді. Ташкенттегі жарыста бапкерлердің нұсқауын қатаң ұстанып отырдым. Бір қызығы, әлем чемпионаты Ташкентте емес, Қазақстанда өтіп жатқандай болды. Шаршы алаңға шыққан кезде, елімізден барған жанкүйерлердің ұрандатқан сөздері қатты шығып тұрды. Сондықтан бапкерлердің дауысы маған көбіне естілмей жатты. Жекпе-жектің алдында бапкерлердің айтқандарын орындауға тырыстым. Жалпы, Қазақстанның қолдауы мықты болды», - деді С. Тәшкенбай.

Сонымен қатар ол алдағы жоспары жайында айтып берді.

«Бала кезімнен Қазақстан атынан шығып, Олимпиада чемпионы болуды армандадым. Осы мақсат орындалып жатса, бапкермен ақылдасып, кәсіпқой боксқа да бару ойда бар», - деді әлем чемпионы.

Оның пайымынша, ел ішіндегі іріктеу жарыстарында бәсеке жоғары болады.

«Әлем чемпионатына қарағанда, Қазақстан ішіндегі чемпионатта ұту өте қиын. Қазақстаннан чемпион болып шықсаң, одан кейінгі жарыстарда медаль алу мүмкіндігі болады. Себебі ел ішінде мықты қарсыластар арасында бәсеке өте жоғары», - деді С. Тәшкенбай.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 13 мамыр күні Санжар Тәшкенбай Ташкентте бокстан әлем чемпионы атанды.


Соңғы жаңалықтар