Сапарбаев Ақтөбе вокзалын базарға айналдырмауды талап етті
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе вокзалындағы дүкендерді жабу жұмысы жалғасып жатыр. Бұған дейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тамақ пен ұсақ-түйек қажетті заттар, қуыршақ пен әшекей бұйымдарын, тіпті, ұялы телефон сататын дүкендерді жауып, тек вокзалдың нақты міндетін орындауды тапсырған болатын. Енді вокзал маңындағы шағын дүңгіршектерді реттеуді қала әкімдігі мен теміржолшыларға жүктеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Ақтөбе темір жолындағы перронда, возкал ішінде бірнеше жеке кәсіпкер орнығып алған. Олар ұзақ жылдар бойы азық-түлік, әшекей мен техника сатып отыр. Бұған дейін қосымша табыс тауып, жолаушыларға қызмет көрсетуді ақсатып алған компания енді бағытын өзгертеді. Возкал ішіндегі және вокзал маңындағы қауіпсіздік пен тазалыққа жауапты «Қазақстан темір жолы» АҚ жалға берген орындарды кері қайтарып жатыр.
«Халық вокзал маңындағы жағдайдың нашарлығын айтып шағымданады. Ол жерге XIX ғасырдың үйшіктерін қойған. Оған ешкім қарамайды, быт-шыт. Масқара! Күніне 32 пойыз өтсе, әрқайсысында 150 жолаушы бар. Олар әрі-бері өткенде көреді, салыстырады. Сондықтан темір жолға талап қоюымыз керек. Халыққа сапалы қызмет көрсетуі шарт. Егер өрт, төтенше жағдай болса, жағдай қиын болады. Жалға алушылардың жағдайын түсінемін. Жылдар бойы жұмыс істеп, отбасын асырап отыр. Бірақ біз үшін халықтың қауіпсіздігі басты орында»,- деді Бердібек Сапарбаев.
Кейін өңір басшысы облыстық басқарма басшыларын, қалалық әкімдіктің жетекші қызметкерлерін, вокзалға жауапты қызметкерлерді тыңдады. Көлік прокуратурасына нақты тапсырма берді. «Басшылар пойызбен жүрмейді, пойызға мінсе, вокзалға басқа есікпен кіреді. Егер вокзалға кіргенде, олар бұл мәселені бұрын шешер еді. Аудан әкімдері де вокзалды ретке келтіре алмай отыр. Қазір басым бөлігінде 40-50 жыл бұрын салған дүңгіршектер тұр. Ешкім қарап жатқан жоқ. Әктеп, сырлап, ағаш, гүл егуге болады. Ол мәдениет», - деді Сапарбаев.
Вокзалдағы базар мәселесі биыл түбегейлі шешіледі. Қазір 70 бутиктің тек сегізін қалдырып, өзгелерін тарату жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Жалға алушылармен кездесу өткілізіп, мәселе шешілді. Вокзал маңына зерттеу жүргізілді. Біздің ойымызша, автотұрақты ақылы ету керек. Себебі, вокзал алдындағы жолды күту, тазалау, бақылауға қаржы керек. Ал қауіпсіздікті қамтамасыз ететін электронды бақылау техникасы өңірге жеткізілді. Шілде айында монтаждау жұмысы басталып, іске қосылады », - «ҚТЖ» ҰК» АҚ Ақтөбе филиалы директорының вокзал шаруашылығы жөніндегі бөлім орынбасары Абай Досанов.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы аумағында 33 темір жол вокзалы бар. Күн сайын 32 бағыт бойынша пойыз жүреді.
Алтынай Сағындықова