Сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарын мықтап қолға алатын боламыз - БҒМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарын мықтап қолға алатын боламыз. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов айтты.
Оның мәліметінше, сапасыз білім беріп келген біраз ЖОО жабылды, ал 6 білім ордасының ісі сотта қаралып жатыр.
«Сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын боламыз. Яғни, олар не сапалы білім беретін болады немесе біз олардың лицензиясын қайтарып аламыз. Өйткені білім сапасы өте маңызды мәселе болып отыр», - деп атап өтті министр.
Бұл мәселе журналистің Алматыдағы Банк колледжінің жабылуына байланысты қойған сұрағының аясында талқыланды.
«Негізі кез келген сапасыз білім беретін оқу орны бірден жабыла салмайды. Біз алдымен оның лицензиясын уақытша қайтарып аламыз. Осы уақытта ол өз қателіктерін түзетуі тиіс. Ал белгіленген мерзімде олқылықтарының орнын толтыра алмаса, біз ол оқу орнын жабуға мәжбүр боламыз», - деп түсіндірді вице-министр Есенғазы Иманғалиев.
Оның айтуынша, аталған колледж осындай жолмен жабылған. Ал оның студенттері ешқандай қиындық көрмейді. Олар өз мамандықтары бойынша немесе өзінің мамандығына ұқсас мамандықтарға басқа оқу орындарына ауыса алады.