Сапасыз сүт өнімін қалай анықтауға болады?
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде интернет қолданушылары дүкеннен сатып алған азық-түліктерінің сапасы туралы көп жазып, көп талқылайды. Мысалы, Инстаграмдағы@zhest_kz тобында сүт деп сатып алған өнімнің басқа болып шыққаны туралы бейнежазба жария болған еді.
Светлана Романовская бұған тіпті таңғалмайтынын айтты. Оның мәліметіне сенсек, 2016 жылы азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты құзырлы органдар тарапынан жүргізілген бақылау нәтижесінде 40 796 өнімге тексеру жүргізіліп, 5 872 өнімнің яғни, 14 пайызының техникалық регламентке сәйкес келмейтіні анықталды. Осы азық-түліктің 853-і сүт өнімдеріне, 76-сы май түрлеріне жасалған.
«Көбіне техникалық және сыртқы қорабында жазылған талаптарға сәйкес келмей жатады. Сыртында басқа жазылған, ішінде басқа өнім, мысалы майлылығы, сүт мөлшері де жетіспей жатады. Сатып алған сүттері іріп кеткен адамдар шағымданып жатады, бұл сақтау мерзімінің дұрыс еместігін көрсетеді. Сонымен қатар, сүттің қабы жұқа болып, жарылып кетіп, сатып алушы кассадан ақшасын қайтып ала алмай жатады», - дейді Светлана Романовская.
Сарапшы сапасыз тауар құнын өтетіп алу үшін оны суретке түсіріп алу қажет екенін ескертті.
«Қазіргі уақытта «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заң бойынша кез келген қоғамдық орында суретке түсіріп алуға рұқсат етілген. Ол сотта дәлел ретінде ұсынылады. Егер сатып алушы сапасыз тауарға кез болса, оны суретке түсіріп алса жетеді, ешқандай акт толтырудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, Заңда алданған жағдайда айыпқа тартатын бап та бар. Дүкенде суретке түсіруге болады», - деді Светлана Романовская.
Оның айтуынша, қазақстандықтардың дені қандай тауар алып жүргенін біле бермейді.
«Біз адамдардан қандай тауар алып жүрсіз деп сұрағанымызда жауап бере алмай жатады. Адамдардың 99 пайызы сол тауарға не үшін таңдау жасағанын білмейді. Сыртындағы жазбасы ұнаса болды, ол оның ішіндегі өнімнің кемдігі бар болуы ықтимал. Мысалы, сүт емес, сүт өнімі деп аталатын тауар құрамында май да, сүт те емес, өсімдік майы мен ұнтақ пайдаланылатынын сатып алушылар білмей «сүт» деген жазуға алданып жатады», - деді «Ұлттық тұтынушылар лигасы» РҚБ президенті.
Романовская өнімді таңдауда жастар мен зейнеткерлер белсенді, ал бала-шағасын бағып отырған орта жастағылар азық-түлік сапасына көп мәне бере бермейтіні қынжылтады деген пікір айтты.
«Егер сыртында өсімдік майы деп жазылып тұрса, оның құрамында сүт жоқ деген сөз. Сондықтан, сыртқы қорабындағы жазуды оқу қажет. Кейбір жосықсыз өндірушілер бар, олар сыртына сүт деп жазады, шындығында оның ішіндегі пальма майынан жасалған өнім болып шығады», - деді Светлана Романовская.
Оның айтуынша, балалар бүгінде нағыз сүттің дәмін білмейді, сондықтан ата-аналары мұқият болуы керек.
«Қазір көп адам аллергиямен ауырады. Ол экологиядан ғана емес. Балалар балабақшада жүріп, ауру жұқтырады. Себебі, ойыншықтардың сапасы талапқа сай емес, нағыз сүт ішпейді. Біз сараптама жүргізіп, балаларға нағыз сиыр сүтін бергенімізде, жағымсыз иісі бар деп ішпей қойды. Балаларда дәм ажырату қабілеті өзгеріп кеткен. Егер сүттің дәмі тәтті болса, күмандану керек. Қазір біз пастерленген йогруттен нағыз йогуртты бөлек сөреге қою мәселесін заңмен бекітіп алғымыз келіп отыр. Қазір олар бір сөреде тұрғандықтан, тұтынушы арзанын сатып алады», - дейді ол.