17:26, 20 Наурыз 2014 | GMT +5
Саперлер Қарабұлақ ауылынан табылған тұтанғыш затты залалсыздандырды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Қарабұлақ ауылында тұтанғыш зат табылды. Саперлер оны залалсыздандырып үлгерді, деп хабарлады ІІД баспасөз қызметінен.
Ескелді ауданының полицейлеріне Қарабұлақ ауылының шетінен ішінде жарылғыш заты бар деген болжам жасалған полиэтилен сөмке табылғандығы туралы хабарлама келіп түсті.
Облыстық «Арлан» арнайы бөлімшесінің саперлері келгенге дейін жергілікті аудандық ІІБ қызметкерлері оқиға орнын қоршауға алды. Сөмкеден зауытта әзірленген детонаторы бар тұтанғыш зат табылды. «Жергілікті жерлерді түтіндетуге арналған бұл оқ-дәрілік затты полиция қызметкерлері елді мекеннен шалғай жерге апарып жарып жіберді», - деп нақтылады баспасөз қызметінен. Қазіргі уақытта полиция жарылғыш заттың иесін анықтау жұмыстары жүргізіп жатыр.