20:08, 10 Ақпан 2011 | GMT +5
Саппорода Қазақстанның бизнес климаты мен іскерлік мүмкіндіктеріне арналған бизнес-семинар болып өтті
АСТАНА. 10 ақпан. ҚазАқпарат - Саппоро қаласында Жапониядағы ҚР Елшілігінің бастамасымен және Хоккайдодағы ҚР Құрметті консулдығымен ынтымақтастық нәтижесінде 10 ақпанда Қазақстанның бизнес климаты мен іскерлік мүмкіндіктеріне арналған бизнес-семинар болып өтті.
Семинар жұмысына бизнес-қауымдастықтардың, жергілікті әкімшіліктің, академиялық топтар мен БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Шара барысында Жапониядағы ҚР елшісі Ақылбек Қамалдинов отандық үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырып, жапондық бизнесмендерді Қазақстанмен инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды.
Семинар аясында сонымен қатар Қазақстан туралы сурет көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде ұсынылған материалдарда біздің еліміздің экономикалық дамуы, инвестициялық климаты мен туристік әлеуеті кең түрде насихатталды.