Сара Назарбаева ауруханадан шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Ұлттық госпитальдің баспасөз қызметі Сара Назарбаеваның медициналық мекемеден шығарылғанын растады.
Мекеме өкілдерінің мәліметінше, Сара Назарбаева Ұлттық госпитальде ем қабылдаған. Ол 2026 жылы қаңтар айында амбулаторлық ем қабылдау үшін ауруханадан шығарылған.
Сонымен қатар мекеменің баспасөз қызметі өзге мәліметтердің жария етілмейтінін мәлімдеді.
– Денсаулық жағдайы, диагнозы, емдеу әдістері мен нәтижелері туралы ақпарат Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 273-бабына сәйкес дәрігерлік құпия болып есептеледі және жария етілмейді, - деп хабарлады Ұлттық госпитальдің баспасөз қызметі Kazinform тілшісіне.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Сары Назарбаеваның денсаулығы туралы тараған ақпаратқа қатысты түсінік берген еді.
– Сара Алпысқызы Назарбаева сәуір айынан бастап Алматы қаласындағы Президент іс басқармасы Медициналық орталығына қарасты Ұлттық госпитальде ем қабылдап келеді. Барлық медициналық шара бекітілген стандарттарға сай және отандық мамандардың бақылауында жүзеге асырылып жатыр, - деді Айдос Үкібай сол кезде.