Саран қаласы қазандығының құрылысы кезінде 460 млн теңге жымқырылған
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Саран қаласындағы орталық жылу көзінің құрылысы кезінде 461 млн теңге ұрланған. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті мәлім етті.

Саранның орталық жылу көзі төңірегінде жанжал басылар емес. Қарағанды облысының экономикалық тергеу департаменті хабарлағандай, тексеру барысында жылу орталығының құрылысы барысында қаражат жымқыру дерегі анықталған.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша Саран қаласындағы Орталық қазандықтың құрылысы кезінде 461 млн теңгені ұрлау фактісі белгілі болды. Бұл ұлттық жобаның әлеуметтік маңызы зор. Моноқала мен өнеркәсіп нысандарының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету көзделген болатын, алайда жоба ұзақмерзімді құрылысқа айналып, осы уақытқа дейін пайдалануға берілмеген», - деп жазды Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметінен.
Айта кету керек, бұл іс бойынша тергеу әлі де жалғасуда. Ведомство өкілдері бұл іске қатысты егжей-тегжейлі түсініктеме бермеді.
Еске салсақ, өткен жылдың қазан айында Саран қаласында тұрғындар үйлерде жылудың жоқтығына жаппай шағымдана бастағаны туралы жазған болатынбыз.
Қала әкімі Еркін Баулықов Instagram-дағы парақшасында жағдайды түсіндіріп, тұрғындардан кешірім сұрады.
Саран қаласындағы жылу жағдайына байланысты Энергетика министрі бастаған комиссия құрылды. Комиссия құрамына энергия қадағалау саласының және тиісті органдардың өкілдері кірді. Алмасадам Сәтқалиев Сарандағы қазандықтың іске қосылмауының себептерін атады.
28 қазанда аппараттық жиналыста Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алғанын мәлімдеді. Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланды.
29 қазанда Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қызметінен босатылды. Оның орнына Дарын Бұлқайыр тағайындалды.