Саран қаласында қараусыз қалған көпқабатты үйлер жөнделуде

САРАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Саран қаласына қарасты қараусыз қалған бес қабатты ондаған үй қалпына келтіріледі. Бұл үйлер РТБ зауыты (Резино-техникалық бұйымдар зауыты) ауданында орналасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

1990 жылдардың басынан бері мұнда 106 үй иесіз қалды. Қазіргі уақытта оларға тексеру жүргізілді, тең жартысы қайта жөндеуге жатпайды. Уақыт өте келе оларды бұзып, орнына жаңа үйлер салу жоспарланып отыр.

Кенттің жандануына QazTehna автобус зауытының ашылуы және ресейлік «Татнефть» компаниясының автомобиль шиналарын шығаратын кәсіпорынның құрылысы түрткі болды.

«Жаңа индустриялық аймақтың құрылуы және ірі өндіріс құрылысының басталуы шағын ауданның 11 гектар тұрғын үй аймағын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Қазір сот арқылы пәтер бойынша заңды «тазартудан» өткен және балансқа қойылған үйлер қалпына келтірілуде. Өткен жылы біз екі үйді қалпына келтірдік. Олардың бірінде – 60 пәтер, екіншісінде – 30. Халықтың әлеуметтік осал топтарына пәтерлер берілді. Биыл тоғыз үйді қалпына келтіру жұмыстары басталды», – деп атап өтті Саран қаласының әкімі Ержан Темірханов.

Келесі жылы тоғыз үйді тапсыру жоспарлануда. Барлығы 510 пәтер болады. Бұл – кезекте тұрғандар, дәрігерлер мен кәсіпорын қызметкерлері үшін жалға берілетін және қызметтік тұрғын үй. Бүгінгі таңда Саран қаласында пәтер кезегінде мыңға жуық адам тұр.

Инженерлік желілермен – сумен, электр қуатымен тұрғындарда проблемалар жоқ. Үйлерді жылумен қамтамасыз ету үшін модульдік қазандық салынады.

Үйлерді қалпына келтірумен қатар аулалар абаттандырылып, жолдар асфальтталады. Әлеуметтік инфрақұрылым қалыптасуда. Балабақша мен спорт кешенін салу үшін жер телімі сатып алынды. «Сарыарқа» ӘКК бірлесіп әлеуметтік павильон орнатады.

«Сондай-ақ, әлеуметтік дәріхана болады, полиция бөлімін ашамыз. Қазірдің өзінде шағын ауданда бейнебақылау орнатылған, яғни қауіпсіз ортаны қалыптастыруға болады. Жалпы, біз жыл сайын 10 үйді қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Бұзылған көп қабатты үйлердің орнына жаңа құрылыс салынады», – деді Ержан Темірханов.

«Мен қызыммен бірге сәуір айынан бері тұрамын. «Жетім балалар» санаты бойынша екі бөлмелі пәтерді тез рада алдым. Қазір құрылыс белсенді жүріп жатыр. Үйлерді қалпына келтіруден басқа, жол жасалуда, ойын алаңы орнатылды. Маған бәрі ұнайды. Автобус жүреді, қажет жерге жету мүмкіндігі бар. Әзірше бала күтіміне байланысты демалыста отырмын, «Саран» шахтасында аспаз болып жұмыс істеймін. Кәсіпорынның жанында жұмыс болатыны және шағын аудан жанданатыны жақсы», – дейді қалпына келтірілген үйлердің бірінің тұрғыны Виолетта Филипова.


Соңғы жаңалықтар