Саран тұрғындарына жылудың төлемі қайта есептеледі

АСТАНА. KAZINFORM – Саран қаласында үйлерді жылумен жабдықтаудың резервтік жүйесіне қайта қосу аяқталды. Қазандықтар қажетті отын қорымен және жұмысшылармен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

жылу
Фото: Алина Тулеубаева/Kazinform

Қазір басты мақсат – тұрғын үйлерді сапалы жылытуды қамтамасыз ету.

– Мен қала тұрғындарының наразылығын түсінемін. Жағдай тұрақтанғаннан кейін біз міндетті түрде жауапты әрбір адамның іс-әрекетін талдап, бағалайтын боламыз, - деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте.

Сондай-ақ Саран қаласының басшысы Еркін Баулықов қаланы жылумен қамтамасыз ету жағдайы туралы баяндады.

– Барлық үй резервтік жылумен жабдықтау жүйесіне қайта қосылған. Барлық жергілікті жылу көзі іске қосылды. Бір орам жұмыс істеп тұрған қазандыққа қайта қосылды. Жылу көздерінде қажетті отын қоры бар. Қосымша көмір тасымалдау қамтамасыз етілді. Қазандықтарда жұмысшылар да жеткілікті. Орталық жылу көзін пайдалануға бергенге дейін қаланы жылумен жабдықтау резервтік жүйе арқылы қамтамасыз етілетін болады, - деп атап өтті ол.

Қазан айында Саран тұрғындарына жылумен жабдықтау үшін қайта есептеу жүргізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Саран қаласында тұрғындар үйлерде жылудың жоқтығына жаппай шағымдана бастаған. Қала әкімі Еркін Баулықов Instagram-дағы парақшасында жағдайды түсіндіріп, тұрғындардан кешірім сұрады.

Саран қаласындағы жылу жағдайына байланысты Энергетика министрі бастаған комиссия құрылды. Комиссия құрамына энергия қадағалау саласының және тиісті органдардың өкілдері кірді. Алмасадам Сәтқалиев Сарандағы қазандықтың іске қосылмауының себептерін атады.