Саранда теледидар, шаңсорғыш және кір жуатын машина шығаратын зауыт іске қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Саран қаласында теледидар, шаңсорғыш және кір жуатын машина шығаратын зауыт іске қосылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Artel баспасөз қызметінің мұрағаты
«Электротехникалық машина жасау секторында Alageum Electric нарықтың қажеттілігін толығымен қамтамасыз ететін трансформаторлар шығарады. Қазнергокабель, Еуразкабель сияқты кәсіпорындар нарықта сұранысқа ие кабельдік өнімдерді жеткізеді. Сектордың тағы бір маңызды бағыты - тұрмыстық техника өндірісі. Қазіргі уақытта Алматы облысында Dauscher брендімен электр плиталары мен пештер шығаратын зауыт іске қосылған және ол толығымен істеп тұр. Бұған қоса, Қарағанды облысының Саран қаласында жаңа тұрмыстық техника, яғни теледидарлар, шаңсорғыш және кір жуатын машина зауыты іске қосылады. Бұл саланың дамуына серпін беріп қана қоймай, моноқаланың жандануына өз үлесін қосады», - деді министр.

Оның дерегінше, тұрмыстық техника бойынша Еуразиялық экономикалық одақ нарығының әлеуеті шамамен 11 млрд АҚШ долларын, ал Қазақстан нарығының әлеуеті 1 млрд. 200 млн АҚШ долларын құрайды.

«Жобаларды іске асыру кезінде кемінде ішкі нарықты 250 млн АҚШ долларын құрайтын өнімдермен толықтырып, 100 млн. АҚШ долларынан астам сомаға тауар экспортқа шығарылады», - деді Марат Қарабаев.

Осыған дейін биыл елімізде 5 мың трактор мен 900 комбайн құрастырылатыны хабарланды.


Соңғы жаңалықтар