Сарапшы: Доллар бағамының өсуі — уақытша құбылыс
АСТАНА. KAZINFORM — Шілденің орта тұсынан бері доллар бағамы тоқтаусыз өскені белгілі. 30 шілдеде биржада доллар құны 550 теңгеге жеткенде Ұлттық банк нарыққа араласып, интервенция жасауды бастады. Содан бері ұлттық валюта 10 теңгеге дейін нығайды. Енді алдағы уақытта «жасыл қағаз» бағамы қалай өзгеруі мүмкін? Kazinform тілшісі экономист Ләззат Нұрғалиқызының пікірін білді.

Сарапшының айтуынша, не десек те біз сыртқы валютаға тәуелді елміз. Қазақстанның экспорттайтын өніміне қарағанда импорты басым екенін ресми сандар да дәлелдеп отыр, көбіне дайын өнімдерді сатып алады. Ал мұнайдың бағасы барреліне 70 доллар шамасынан аспай тұр. Бұған қоса, АҚШ басшысы Дональд Трамптың сауда саясаты да шетелден келетін кей өнімдердің құнын көтеріп жіберген.
— Доллар бағамының өсуіне жазғы маусымда көптеген қазақстандықтың шетелге саяхатқа шығуы мен жоғарыда айтқан импорттың өсуі себеп болды. Менің ойымша, бұл уақытша құбылыс. Алайда алдағы уақытта доллар бағамы тағы да көтеріледі немесе түседі деп нақты болжай алмаймыз. Бір анығы, егер Қазақстан экономиканы бір жолға түсіріп, елдің ішінде дайын өнімдердің өндірісін арттырса — жағдай тұрақталар еді, — дейді Ләззат Нұрғалиқызы.
Ұлттық банк теңге бағамын нығайту үшін интервенция жасауды бастағанын айттық. Экономистің сөзінше, бұл қадам барлық мәселені шешпеуі мүмкін. Жағдай уақытша жеңілдейді, күн сайын доллар бағамының өсе беруіне тоқтау болады. Бірақ уақытша дүрбелеңді басып тастау үшін қор қаржысын жұмсауды құптамайтынын жеткізді.
— Бұл құбылыс халықтың тұрмыстық жағдайына кей тұстан әсер етуі мүмкін. Көптеген азық-түлік, жазғы маусымдағы жеміс-жидек өз елімізде бар, теңгеге сатып алынады. Яғни, бұл тұстан аса мәселе туындай қоймас. Алайда тұрмыстық техника шетелдерден әкелінеді. Бұлардың бәрі доллармен саудаланғандықтан бағасы өсетіні анық. Халық бұл тауарларды азық-түлік сияқты күнделікті сатып алмайды, десек те жанама әсерлерін тигізетіні даусыз, — деп түйіндеді сарапшы.
Бұған дейін Ұлттық банктің интервенция жүргізуіне қатысты сарапшыларпен бірге талдау жазған едік.