Сарапшы Қазақстанның сыртқы саясатындағы биылғы ТОП-5 оқиғаны атады
Биыл Қазақстанның сыртқы саясат саласында ауқымды жұмыс атқарылды. Әсіресе қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму салаларында жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыру мен іске асыруда еліміз ерекше үлес қосты. Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Ерік Батырханов Kazinform тілшісімен әңгімесінде Қазақстанның сыртқы саясатындағы биылғы ТОП-5 басты оқиға жөнінде пікір білдірді.

Сарапшы ең алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасын берік ұстанатынын айтып өтті.
Айтуынша, бұл тұжырымдамада Қазақстанға әлемдік қауымдастықтың жауапты мүшесі мәртебесін бекіту, еліміздің халықаралық бастамаларын неғұрлым тиімді және жүйелі түрде ілгерілетуді қамтамасыз ету қажеттігі айтылған.
«2023 жылы Қазақстан Президенті еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатын паш ететін бірқатар айтулы шараға белсене қатысты. Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 20 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы жалпы пікірсайыста сөйлеген сөзін атап өткім келеді. Президент сөзінде мемлекеттердің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығы, болашақта ауыз су тапшылығы, бүкіл әлемге төнетін ядролық қауіп және т.б көптеген маңызды тақырыптар қозғалды», — дейді Ерік Батырханов.

Сарапшы екінші сыртқы саяси оқиға ретінде америкалық The Hill саяси басылымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «БҰҰ қысқамерзімді шешімдерге ғана емес, жүзжылдықты анықтайтын шешімдерге де назар аударуы керек» деген мақаласы жарияланғанын атап өтті.
«Президент мақалада халықаралық қоғамдастықты шара қабылдауға шақырады. Бұл ретте ол саяси мансап пен бүкіл жаһандық проблемаларды бірлесіп шешуге нақты көзқарас пен табандылық қажеттігін айтты», — дейді халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы.
Үшінші оқиға — ел Президентінің Германияға сапары барысында жасалған бірқатар маңызды келісім.
«Өздеріңіз білесіздер, халықаралық саясатта сапарлар деңгейі әртүрлі болады. Мемлекет басшысы Германияға ресми сапармен барды. Осы жылдың маусым айында Германияның федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға келген болатын. Ал біздің президентіміз Германия+Орталық Азия шарасы қарсаңында жеке шақырылды. Бұл көп нәрсені білдіреді», — деді ол.
Сарапшы төртінші оқиға ретінде Мемлекет басшысының Дубайдағы Дүниежүзілік саммитте сөйлеген сөзін атап өтіп, оған толығырақ тоқталды.
«Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 желтоқсанда Дубайда өткен Дүниежүзілік климаттық саммитте сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Қазақстанның Париж келісімін ратификациялағанын және 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық стратегиясын қабылдаған аймақтағы бірінші мемлекет болғанын, Қазақстанның жел және күн энергетикасын дамытуда орасан зор әлеуеті бар екенін атап өтті. Сондай-ақ ол халықаралық қауымдастықты бір кездері әлемде төртінші көл болған Аралды құтқару халықаралық қорын қолдауға көбірек қаражат бөлуге шақырды», — деді Ерік Батырханов.
Саясаттанушының сөзінше, бесінші негізгі оқиға — Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің үшінші «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумы аясында жүргізген келіссөзі.
«Қытай басшысы Қазақстан Президентін Бейжіңдегі Халық жиналысы залында қарсы алды. Мәртебелі мейман үшін Құрметті қарауыл ротасы жасақталды. Бұл тағы да кездесудің жоғары деңгейін және ҚХР сияқты қуатты елдегі Қазақстан Президентінің беделін көрсетеді», — деп толықтырды сарапшы.
Сондай-ақ, Ерік Батырханов түркі мемлекеттерінің саммитін ерекше атап өтті.
ОлҚазақстанның халықаралық ұстанымын нығайтуға, түрлі аймақтармен ынтымақтастықты дамытуға және жаһандық деңгейде ұлттық мүддені ілгерілетуге бағытталған осы оқиғалар мен Президент Тоқаевтың бүкіл іс-әрекеттері еліміздің сыртқы саясаттағы көпвекторлы көзқарасын паш еткенін атап өтті.