Сарапшы: Әзербайжан басшылығы Қазақстанмен қарым-қатынасқа ерекше мән береді

БАКУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзербайжанның ұлт көшбасшысы Гейдар Әлиев орнатқан Қазақстан және Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас қазір де табысты дамып келеді. Бұл туралы Әзербайжан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығының (СЗО) директоры Фархад Мамедов Бакудегі «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

Сарапшы: Әзербайжан басшылығы Қазақстанмен қарым-қатынасқа ерекше мән береді

Сарапшы Әзербайжан басшылығы Қазақстанмен қарым-қатынасқа ерекше мән береді деп есептейді.

«Біздің елдеріміз халықаралық аренада, түрлі халықаралық ұйымдарда бір-біріне қолдау көрсетеді. Республикалар халықаралық құқық қағидаларын, әсересе, территориялық тұтастық пен мемлекеттердің ішкі істеріне араласпаушылық қағидаларын қолдайды. Қазақстан Әзербайжанның БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі ретіндегі кандидатурасына қолдау білдірді және төрт жыл өткеннен кейін мұндай қолдау ӘР тарапынан да жасалды. Біздің елдеріміз Түркі кеңесінің ұйымдастырушылары, ИЫҰ аясында өзара ықпалдастық байланыста», - деді СЗО директоры.

Оның ойынша, екі ел де табысты дамып келе жатқан, тұрақты және жауапты мемлекеттер ретінде халықаралық аренада өз беделдерін қалыптастыра білді. Астана мен Бакуде көлемді халықаралық шаралардың өткізілуі де кездейсоқ емес. Биылғы жылы Астана сирияаралық диалогтың алаңы болды.

«Экономикалық жағынан біздің елдеріміз арасында тұрақты тауар айналымы орнаған, оның өсу әлеуеті бар. Қазақстан Президентінің биылғы жылғы Әзербайжанға сапарында экономика тақырыбына басымдық берілген болатын және біз екі ел арасындағы экономикалық өзара ынтымақтастыққа ықпал ететін жаңа жобалардың басталып жатқанына куә болып отырмыз», - дейді сарапшы. 

Жаңа Баку-Тбилиси-Карс теміржол дәлізі Қазақстан үшін қандай перспективаларға жол ашады деген сұраққа сарапшы оның пайдалануға берілуі тарихи оқиға болады, деп жауап берді.

«Бұл мұнайдан басқа саладағы мүше-мемлекеттер есебінен жүзеге асырылған бірінші халықаралық жоба. Оның іргетасы «Бір белдеу - бір жол» жобасы пайда болмай тұрған 2007 жылы-ақ қаланған болатын. Қазір бұл Қытай бастамасына маңызды тетік болатын дайын инфрақұрылым. Бұл жерде Қазақстанның маңызы зор. Соңғы бірнеше жылда барлық жолдар бойынша тарифтерді синхрондау жұмыстары жүргізіліп әлі жалғасып та келеді», - деді СЗО басшысы.

«Қазақстан мен Әзербайжан бір-біріне Шығыс пен Батысқа бастайтын қақпа. Қазақстаннан Әзербайжанға, одан әрі Грузияға бастайтын бағыт -бәсекелестікті арттыратын жолдардың бірі. Логистикада жеделділік, баға және қауіпсіздік маңызды. Біздің елдеріміз осы көрсеткіштер бойынша бәсекеге қабілеттілікті арттыруға тағы біраз күш жұмсауы керек», - деді агенттікке сұхбат берген сарапшы.

Әңгіме соңында ол екі ел басшыларының бұл мәселеге аса көңіл бөлетінін және Қазақстан Президентінің Баку-Тбилиси-Карс темір жолының ашылу салтанатына қатысуы соның айнымас айғағы екенін атап өтті.