Сарапшы: Гуманитарлық көмек көрсету –Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Гуманитарлық көмек көрсету – бұл Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде жаһандық коронавирустық пандемияға қарсы тұру жағдайында серіктес және көршілес елдерге экономикалық қолдау көрсету ниетімен қажетті гуманитарлық көмекті жалғастыруда. Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасымен дәстүрлі достық, одақтастық және стратегиялық серіктестік қағидаларын басшылыққа ала отырып, Қазақстан халқы атынан бауырлас қырғыз халқына гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Аударылған гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 10 мың тонна ұнды құрайды. Оның алғашқы партиясы Қырғызстанға жалпы жүктемесі 4500 тоннаға жуық бидай ұнымен осы жылдың 18 мамырында жеткізілді. Гуманитарлық көмекті қабылдауға қатысқан Қырғызстанның Ауыл, орман және су шаруашылығы министрінің орынбасары Азамат Мукашев қырғыз тарапы Қазақстан Үкіметі көрсеткен көмекті жоғары бағалайтынын, көрсетілген қолдау үшін зор алғысын білдіретінін және ұнды халыққа, оның ішінде әсіресе әлеуметтік жағынан нашар қамтылған адамдарға тарату мәселесінің пысықталып жатқанын атап өтті», - деді Әсел Назарбетова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, COVID-19 пандемиясы басталғаннан бері Қазақстан қырғыз тарапының өтініштері негізінде бұған дейін де Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсетті. Атап айтқанда, 2020 жылдың мамыр айында 5 мың тонна қазақстандық ұн көрші елге тегін берілді. Мұндай көмек Тәжікстанға да көрсетілген болатын. Әр елге жалпы сомасы 3 миллион АҚШ долларынан асатын көмек берілді. Одан бөлек былтырғы жылдың қараша айында Қазақстан үкіметі Қырғызстанға отандық өндірістің 400 дана портативті желдеткіші мен 2 млн медициналық маскаларын жіберді.

«Тағы да айта кетсек, 14 мамырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан мен Үндістан арасындағы стратегиялық серіктестік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, Үндістанға күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты гуманитарлық көмек көрсетілді. Жалпы салмағы 40 тоннаға жуық жүкке медициналық маскалар, респираторлар, қорғаныш костюмдері және портативті желдеткіштер кіреді. Жалпы, гуманитарлық көмек көрсету – бұл Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі», - деді сарапшы.

Бөлім басшысының атап өтуінше, Қазақстан бірқатар елдерге соңғы 20 жыл ішінде дамуға ресми көмекке ұқсас мақсаттар үшін 542 миллион АҚШ долларынан астам қаржы бөлді.

«Қысқа мерзім ішінде Қазақстан көмек алушыдан Орталық Азияның басқа елдері мен Ауғанстанға көмектесуші халықаралық донорға айналды. Cеріктес елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуы және оның азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға ат салысу мақсатында «Дамуға ресми көмек туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 10 желтоқсандағы Заңына сәйкес, 2020 жылғы 15 желтоқсанда «KazAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігі құрылды», - деді ол.

Еске салсақ, Қазақстанның СІМ Қырғызстанға гуманитарлық көмек қалай жеткізіліп жатқаны туралы айтты.



Соңғы жаңалықтар