Сарапшы Мәжіліс сайлауы туралы: пропорционалды-мажоритарлық жүйе қайта өзектендіріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – 19 наурызда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі алдағы сайлау науқанының ерекшелігін нақтылау мақсатында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Жанар Санхаевамен пікір алысқан еді.

Сарапшы Мәжіліс сайлауы туралы: пропорционалды-мажоритарлық жүйе қайта өзектендіріледі

«Биыл 19 наурызда Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауы өтеді. Бұл жолғы сайлаудың ерекшелігі - аралас жүйе бойынша ұйымдастырылады. Елімізде бір мандатты округтер бойынша соңғы рет сайлау 2004 жылы өтті. Осы тұрғыда сайлауды ақпараттық қолдау жағы күшейе түспек. Яғни, дауыс беру ерекшеліктері мен пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесін түсіндіру қайта өзектендіріледі. Бұған дейін өткен сайлаулар нәтижесінде әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота туралы норма іске қосылып, парламенттік оппозиция институты енгізілгенін атап өткен жөн», - деді Жанар Санхаева.

Оның түйіндеуінше, Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауы жаңаша жағдайда өтеді.

«Жаңашылдық деп отырғанымыз, саяси партияларды тіркеуде мүшелер санының азаюы. Бұл жаңа партиялық қозғалыстарға мүмкіндік берді. Оның дәлелі «Байтақ» және «Respublika» жаңа партияларының тіркелуі. Партия құрудағы жаңа рәсімнен басқа, олардың Парламентке өтуіне қатысты шектеулер азайды. Кандидаттарға талап бір мандатты сайлау округі бойынша белгіленеді. Осылайша бір мандатты кандидаттар Мәжілістегі 29 депутаттық орынға таласады»,- дейді ол.

Сондай-ақ, сарапшы өңірлік деңгейде белсенді сайлау науқаны күтілетінін жеткізді.

«Облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалалары мәслихаттарының депутаттары партиялық тізімдер бойынша да, бір мандатты округтер бойынша да сайланады. Ал аудандық мәслихаттардың депутаттары тек бір мандатты округтер бойынша сынға түседі»,- деп түсіндірді Ж. Санхаева.

Еске салсақ, бүгін Мемлекет басшысы жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурызға белгіленді.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдеме жасады.