Сарапшы пікірі: Алдағы сайлау – азаматтық белсенділік мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы маңызды қадам

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алдағы сайлау – азаматтық белсенділік мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы маңызды қадам. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты саяси зерттеулер бөлімінің жетекшісі Ермек Тоқтаров 19 наурызда өтетін Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты ой бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарапшы пікірі: Алдағы сайлау – азаматтық белсенділік мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы маңызды қадам

«Мемлекет басшысы Мәжілісті таратып, мәслихаттардың өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Депутаттық корпустың жаңа шақырылымын сайлау 19 наурызға белгіленді. Сайлаудың тағайындалуы – біраздан бері күтіп отырған жаңалығымыз. Президент былтыр күздегі Жолдауында Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы осы жылдың бірінші жартысында өтетінін мәлім еткен еді. Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау – Конституциялық реформаға сәйкес саяси жүйені жаңғыртудың бір кезеңі», - деді Ермек Тоқтаров.

Сарапшының айтуынша, бұл сайлаудың бұрынғы сайлаудан айырмашылығы аралас сайлау жүйесінде.

«Енді сайлаушылардың даусын жинауға тек саяси партиялар ғана емес, партияда жоқ азаматтар да таласа алады. Бұл бір мандатты сайлау округтері бойынша сайлау өткізу арқылы мүмкін болады. Мажоритарлық жолмен сайланған депутаттар Мәжілісте 30%, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының мәслихаттарында 50%, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихаттарда 100% болады. Барлық тіркелген партиялардың, оның ішінде жаңадан қосылған «Байтақ» және «Respublica» кандидаттары Мәжілістегі 69 депутаттық мандатқа үміткер бола алады. Қалған 29 мандат мажоритарлық жолмен бөлінеді», - дейді ол.

Сондай-ақ, сарапшы партия кандидаттары облыстық мәслихаттардағы 334 депутаттық орынға үміткер бола алатындығын жеткізді. Барлығы 3 749 мәслихат депутаты сайланбақ.

«Облыстарда, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 668 депутаттың 334-і бір мандатты округтер бойынша сайланады. Қалалық мәслихаттарда олардың саны – 617, ал аудандық мәслихаттарда – 2 130. Осылайша, мәслихаттардың депутаттық корпусының 82%-ы жаңартылған жүйе бойынша сайланады. Бұл – азаматтық белсенділік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысы азаматтық жауапкершілік танытуға және Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына белсенді қатысуға шақырды. Саяси жаңғыру курсы сенімді және дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді», - дейді Е. Тоқтаров.

Еске салсақ, бүгін Мемлекет басшысы жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурызға белгіленді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдеме жасады.