Сарапшы: Вакцинадан кейінгі ауырсыну - қалыпты реакция

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Адамдардың көпшілігі вакцинаны ешқандай ерекше белгісіз өткізеді. Кейбір жағдайда екпеден кейінгі ауырсыну - қалыпты реакция. Қызылорда қаласындағы №3 емхананың эпидемиолог-дәрігері Гүлнұр Ілиясова ҚазАқпарат тілшісіне вакцина қабылдау барысындағы денсаулықтағы өзгеріс жайында осылай деді.

Сарапшы: Вакцинадан кейінгі ауырсыну - қалыпты реакция

Кей адамдарда инъекция орнында аздап ауырсыну, қызару немесе ісіну, әлсіздік болуы мүмкін. Бұлшық еттерде аздап ыңғайсыздық болуы ықтимал. Дененің қызуы көтерілуі, аздап қалтырау, жүрек айну және лимфа түйіндерінің шамалы ұлғаюы да мүмкін. Мұның бәрі - иммунитетті қалыптастырудағы қалыпты реакциялар.

«Дегенмен, дене қызуы 38 градустан асқан жағдайда суық тигенде қолданатын ыстық түсіретін дәріні қабылдауға болады. Әсіресе, парацетамолды қолданудың пайдасы зор. Кейде дене қызуының көтерілуі екі-үш күнге созылуы көрініс беріп жатады. Вакцинаның екінші компонентін салдырмаса, адамда иммунитет қалыптаспайды. Өйткені, екеуінің құрамы екі түрлі. Сондықтан бір-бірінсіз адамның бойында иммунитет болмайды. Екінші компонентін міндетті түрде салдыру керек», - деді эпидемиолог-дәрігер.

Сондай-ақ, екпені ағзаға енгізгеннен кейін, қауіпті аллергиялық реакция мүмкіндігін болдырмау үшін дәрігерлердің бақылауында біраз уақыт өткізу керек. Алайда осыдан кейін де күн соңына дейін көлік жүргізбеген абзал. Дәрігерлер мүмкіндігінше инъекциядан кейін бірнеше күн ішімдік ішуден бас тартуға кеңес береді. Өйткені қандағы алкоголь кез-келген аурудан иммунитеттің қалыптасуына жол бермейді.

Соңғы уақытта өңірдегі вирус деңгейінің күрделеніп, үнділік Дельта штамм белгілерінің таралуы сақтық шараларын қатаң сақтауды талап етеді.

Еске салсақ, Қызылордада 195 мыңнан астамадам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.