Сарапшылар Қазақстан мен Қырғызстанның Жол картасына пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қырғызстанның ынтымақтастық туралы Жол картасының басымдықтары жайында қазақстандық сарапшылар пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атап айтқанда, Жол картасын қабылдаудан Қырғызстан тарапының ұтар тұстары көп. Қырғызстан экономикасы құрылымдық жағынан көбінесе Қазақстанның 90-шы жылдардағы экономикасына ұқсас. Яғни көлеңкелі экономиканың үлкен спектрі бар. Жол картасын қабылдау экономиканың көптеген көлеңкелі секторлары «көлеңкеден» шығатын болады. Сәйкесінше, мемлекеттің салықтық базасын кеңейтеді, сондай-ақ ресми Ішкі жалпы өнімнің артуына алып келеді. Түрлі бағалауларға сүйенсек, жол картасы Қырғызстан экономикасының 10 пайызға дейінгі өсімін береді», - ҚР Тұңғыш Президенті- Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы Жақсылық Сәбитов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның пайымынша, нақты нәтижелерге қол жеткізу - аталған құжатты жүзеге асыру сапасына тікелей байланысты.

Баспасөз мәслихаты барысында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, саяси ғылымдар докторы Санат  Көшкінбаев шекарадағы мәселе осыған дейін де өзекті болғанын және ол саясиландырылған сипатқа ие емес екенін атап өтті.

«Біздіңше, бұл бағытта іске асырылып жатқан шаралар сауда-экономикалық көрсеткіштерді арттыруға, сондай-ақ көп жақты форматтағы қадамдарды жақсартуға мүмкіндік береді», - деді С. Көшкінбаев.

Өз кезегінде ҚР Тұңғыш Президенті- Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы Жұмабек Сарабеков жол картасын іске асыруда ресми Бішкек тарапынан тың күш-жігер пайда болғанын жеткізді.

«Жол картасына тоқталсақ, бұл алдағы тұрған ауқымды жұмыстан хабар береді. Құжатта көрсетілген 50 шараның 29-ы жүйелі мәселелерді шешуге негізделген. Қазақстан тарапы Қырғызстан жағы өз мойнына алған міндеттемелерді толықтай орындайды деген үлкен сеніммен қарап отыр. Жалпы, тараптар стратегиялық әріптестіктің ұстанымдарына баса назар аудару керек.  Қол жеткізілген келісімдер оңтайлы мағынаға ие және болашақта экономикалық қатынастарды жаңа деңгейге шығарады деген үлкен үміт бар»,- дейді сарапшы.

Естеріңізге сала кетейік , жақында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Қырғызстан Премьер-Министрінің орынбасары Толкунбек Абдыгулов екіжақты экономикалық ынтымақтастық туралы Жол картасына қол қойды. 

 Жол картасы шекара, көлік, фитосанитариялық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салықтық әкімшілендіру салалары бойынша өзара қарым-қатынас, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін шешуге негізделген 50 шараны қамтиды. Құжатта  тез арада қолға алынуы тиіс 16 шара, қысқа уақытта жасауы тиіс 5 және  жүйелі түрде жасалатын 29 шара ескерілген.

Соңғы жаңалықтар