Сарапшылар Қазақстанды лаңкестік қауіптілігі жоғары елдердің қатарына жатқызып отыр - Е. Қарин

АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - Шетелдік сарапшылардың зерттеулері бойынша, 2013 жылда Қазақстан лаңкестік қауіптілігі жоғары елдердің қатарына енеді.
None
None

Мұндай қорытынды шығаруға елімізде соңғы жылы орын алған бірнеше лаңкестік оқиғалар негіз болды.

Бұл туралы бүгін «Ұлттық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері: лаңкестікке ықпалдастық көзқарасы» тақырыбында өткен сараптамалық талқылау кезінде саяси ғылымдар кандидаты, белгілі саясаткер Ерлан Қарин мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2012 жылы Қазақстанда терроризмге қатысы бар деген айыппен 105 адам сотталған. Ал 2008 жылы бұл көрсеткіш 27 адам болған екен.

«Қазақстанда әзірше лаңкестіктің қалыптасқан құрылымы бар деп айтуға әлі ертерек. Әрине, өкінішке орай, лаңкестік шабуылдар болып жатыр, алайда терроризм институт ретінде, ұйымдасқан қозғалыс ретінде, құрылым немесе ұйым ретінде қалыптаса қойған жоқ. Біздің мақсатымыз - осы іспетті қуатты идеологиялық негізі бар лаңкестіктің орнығуына жол бермеу», - деді Е. Қарин.

Айта кетейік, сараптамалық талқылау отырысына қазақстандық және шетелдік жетекші сарапшылар, атап айтар болсақ, Ерлан Қарин (Қазақстан), профессор Марта Брилл Олкотт (АҚШ), профессор Татьяна Дронзина (Болгария), профессор Георгий Дубовцев (Қазақстан) және басқалар қатысты.

Соңғы жаңалықтар