Саратов – Алматы жолаушылар пойызында қос дөңгелек рельстен шықты
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Оқиға Шиелі – Түркістан арасында болды. Жолаушыларды тасымалдауға қосымша пойыз жіберілді.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл оқиға бүгін сағат 12:49-да тіркелді. №7/8 Саратов – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызы Шиелі – Түркістан арасында шұғыл тоқтады. Себебі пойыздың бір вагонында дөңгелегі рельстен шығып кетті.
- Жолаушыларға медициналық көмек барғанымен бәрі де бас тартты. Ал пойыздың вагонын қалпына келтіру үшін жөндеу тобы жедел жіберілді. Жолаушыларды тасымалдауға қосымша пойыз жіберілді. Оларды отырғызу, жөнелту жұмысы жедел ұйымдастырылды. Тасымалдаушы компания қолайсыздық үшін кешірім сұрайды,- деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бүгін Премьер-министр ҚТЖ-ның алдындағы басты міндеттердің бірін атады. Еуразия кеңістігінде көлік-логистикалық хабқа айналу үшін теміржол инфрақұрылымын дамытудың келесі кезеңіне дайындалу қажет.