Сарбаздар спортқа етене жақын болуы керек – әскери маман
ОРАЛ. KAZINFORM – Спорт – денсаулық кепілі. Спортпен айналысатын адамның дені де, жаны да сау болады. Сонымен қатар спортқа бейім адамдар шыдамды болады. Спорттың әскери қызметшілерді дайындау, тәрбиелеу барысында да беретін пайдасы зор. Сондықтан әскери қызметке шақыру кезінде әр жастың денесінің шымырлығы, денсаулығы жіті тексеріледі. Содан кейін оны шыңдауға баса мән беріледі. Осы орайда ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы дене даярлығы және спорт бастығы Бақтияр Қалдыбеков Kazinform тілшісінің сауалдарына жауап берді.

- Бақтияр Әліпбекұлы, алдымен спортқа деген ынта-ықыласыңызды арттырған ортаңыз, өз отбасыңыз туралы айта кетсеңіз?
- Мен 1984 жылы 8 мамырда қазіргі Түркістан облысы Арыс қаласында дүние есігін аштым. Әкем Әліпбек қарапайым жүргізуші болғанымен, мен үшін үлгі-өнегесі өте мол болды. Ал анам Анар дүкенде сатушы, басқарушы қызметтерін атқарған. Сонымен қатар өмірге менімен қатар ағамды алып келіп, мәпелеп өсірген, бар білгенін үйреткен ардақты адам. Екі ағайындының кішісі болсам да, ерке емес едім. Әкем бала кезімізден ағам екеумізді спортқа баулитын. Кешкілік уақытта жұмысынан келген шағында спорттық жаттығуларды үйретіп, бізді дайындайтын. Сондай-ақ халқымыздың ақын-жазушыларының қанатты сөздерін айтып, жақсылыққа жетелейтін еді. Сол балалық шағымнан өзімнің ойыма түйіп алған әкемнің айтқан бір сөзі әлі есімде. Мұхтар Әуезовтің «Жігітті жылы сөз ширатпайды, қатты сын ширатады» деген сөзін бізге әрдайым айтып жүретін. Әкемнің сол кезде беруге тырысқан білімін уақыт өте келе түсіне бастадым. Үйде кенже бала болғандықтан шығар, сірә, тәлім-тәрбиесін, үлгісін жан-жақтан сіңіріп жүрген болатынмын. Әкеммен қатар менің тәрбиеме анам және әжем өзінің орасан зор үлесін қосты. Осы жандардың арқасында менің спортқа деген құлшынысым, білімге деген ұмтылысым өте мықты болды.
- Мектепте де спортпен айналысқан шығарсыз? Әскери салаға деген қызығушылық қашан пайда болды?
- Арыс қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепке 1990 жылы аяқ бастым. Мектепте ұстаздарға өзімді жақсы жағынан көрсетіп, әрдайым көзге түсіп жүретінмін. Соның әсерінен болар, өз сыныбымның спорт басшысы қызметін атқаратынмын. Сыныптастарыммен қатар басқа сынып оқушыларын спортқа шақырып, қызығушылықтарын ашуға бар күшімді салатынмын. Өзім жастайымнан ағамның артынан еремін деп спорт мектептеріндегі бокс секциясына қатыстым. Қаламызда өткізілген спорттық іс-шараларға әрдайым мектебіміздің атынан шығып, жүлделі орындармен оралатынмын. Бокспен қатар мен футбол, волейбол, теннис, жеңіл атлетика және басқа спорт түрлеріне жақын болдым. Мектепте оқып жүргенде-ақ әскери қызметкерлердің киім үлгісін ұнататынмын, сол сәтте өзімді шен таққан әскери қызметкер ретінде елестететінмін. 9-сыныпта Шымкент қаласындағы Суворов мектебіне түсуге талпынғанмен, бұл бақ маған бұйырмады. 11-сыныпты бітіргеннен кейін де көп ойланбастан Ақтөбе қаласында орналасқан авиация училищесіне құжат тапсырдым. Бірақ емтиханнан шектік балды жинай алмай, түсе алмай қалдым. Дегенмен сонда да алған бетімнен қайтпай, Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығына тапсырып, бастапқыда сырттай білім алып, кейін әскери салаға біржола бет бұрдым.
- Расында да әскери салаға келу оңай соқпағандығы байқалады. Мұндағы белес-жолдарыңыз қалай өрілді?
- Алдымен Қапшағай қаласындағы 58012 әскери бөлімінде инженерлік-саперлік взводта 2 жыл қызмет етіп, аға сержант шенімен туған жерге оралдым. Әуелі ата-анама көмектесу үшін Арыс қаласында төтенше жағдай қызметіне құжаттарымды тапсырдым. Алайда өзімді әскери қызметші ретінде сынау мақсатында 2006 жылы Ақтау қаласындағы 3502 әскери бөліміне бақылаушы болып кірдім. Үш жылдан соң спортқа деген бейімімді көрсете біліп, дене дайындығы және спорт бастығы қызметіне ауысып, 11 жылдай уақытты осында өткіздім. 2017 жылы осы қаладағы 6656 әскери бөліміне дәл сондай қызметке бардым. Ақтауда қызмет барысында көптеген сайыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрдік. 2019 жылы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының дене дайындығы және спорт бастығы болып тағайындалдым.
- Әскери қызметтегі 18 жылдың 15-ін дене дайындығы және спорт бастығы лауазымына арнапсыз. Осы уақыт ішінде талай жасқа тәлім-тәрбие берген боларсыз?
- Шынымен де қол жеткен табыс, шыққан биік аз емес. Осылардың ішінде ең маңыздысы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 2023 жылы спорттық спартакиада мен спорттық бұқаралық байқау бойынша жеңімпаз атануы еді. Өткен жыл біз үшін өте жемісті болды. Себебі, Бас қолбасшылық ұйымдастырған спартакиадада 5 спорт түрінің төртеуінен озып шығып, жалпы топтық сайыс бойынша жыл үздігі атандық. Ал спорттық бұқаралық байқау дегеніміз, біздің әскери қызметкерлердің, спортшылардың арасынан спорттық дәреже алу және төрешілер дайындығы бойынша 158 ұпай жинап, елімізде көш басына шықтық. Ал осы 15 жыл ішінде өзім жеке жаттықтырған үздік спортшыларды айтар болсам, алдымен ақтөбелік, қазақ күресінен әлем чемпионы атанған Еламан Қойшыбаев ауызға алдымен ілігеді. Еламанның табысында, әрине, Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөліміндегі әріптесімнің және ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығы дене дайындығы және спорт бастығы, полковник Сәтжан Әбіштің қосқан үлесі мол.

- Бұл жерде әскери қызметкерлердің қабілетін ұштау мен дене дайындығы деңгейін көтеруде әскери-спорттық жаттығулардың рөлі жоғары екендігін айтайын деп отырған боларсыз?
- Иә, дөп түстіңіз. Себебі, біз әскери қызметшілерге, сарбаздарға арнайы жаттығулар әзірледік. Спорттық жаттығулармен айналысқан қызметкерлер мен сарбаздардың қан айналымы жақсы болады. Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жоспарына сәйкес қазіргі уақытта біз әскери қызметкерлер мен сарбаздарға арнап 42 жаттығу дайындап, сол бойынша жұмыстар жүргіземіз. Сонымен қатар меңгерілген жаттығулар бойынша жыл соңында арнайы нормативтер жүргіземіз. Анықтап қарасақ, бұл әскери-спорттық жаттығулардың рөлі шынымен де өте зор. Жаттығуларды жасату арқылы біз көптеген қызметкердің денесін шымыр қылып қана қоймай, денсаулығын шыңдай түсуге өз септігімізді тигіземіз.

- Ендеше, «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы әскери қызметшілердің дене даярлығы қандай деңгейде деп ойлайсыз?
- Біздегі дайындықтың жоғары дәрежеде екендігіне 2023 жылдағы табыс-жетістіктер дәлел бола алады. Мұның сыры жұмыс жоспарында дер едім. Себебі біздің қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдерде аптасына дене дайындығы және спорттық іс-шараларға 3 сағаттық уақыт берілген. Аптаның екінші күні біз 1 сағатты спорттық іс-шараларға арнаймыз, яғни волейбол, кермеде тартылу, гір көтеру жаттығуларын орындаймыз. Ал, аптаның төртінші күні 2 сағат бойы жекпе-жек, жүгіру арқылы әскери қызметкерлердің дайындығын көтере түсеміз.

- Осы орайда әскери қызметшілерге қойылар талаптар қандай, нендей әдіс-тәсілдерді қолданасыздар?
- Біз үшін әскери қызметкерлердің нормативтерді жақсы тапсырып, жоғары ұпай жинағаны аса маңызды. Ал әдіс-тәсілдерге келер болсақ, «Мәскеу бірден тұрғызылған жоқ» демекші, ең алдымен олардың дене дайындығын тексеріп, жасай алатын жұмыстарына, жас ерекшеліктеріне сәйкес тапсырма беріледі. Атап айтқанда, бізде 7 түрлі жас ерекшелігі бар. 20-25 жас – бірінші, 25-30 – екінші, 30-35 – үшінші, 35-40 – төртінші, 40-45 – бесінші, 45-50 – алтыншы, 50-ден асқандар жетінші санатқа жатады. Әр қызметкерге санаты бойынша тапсырма беріліп, орындалуы қадағаланады. Демек, әр сарбаз спортқа да жақын, онымен етене болуы тиіс. Осыған ерекше мән беріледі. Түптеп келгенде, әскери қызметшінің дене дайындығы ойдағыдай болса, бұл оның Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруына жәрдемдеседі дер едім.
