Сардиниядағы қуаңшылық: төтенше жағдай енгізіліп, суға шектеу қойылды
АСТАНА. KAZINFORM- Сардинияда ауыз су тапшылығына ұласқан құрғақшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланды, деп жазады Euronews.

Аралда бірнеше аптадан бері жаңбыр жаумай, ауа температурасы 40°C-қа дейін жетті.
Сардияның аймақтық кеңесі төтенше жағдай 31 желтоқсанға дейін күшінде болатынын хабарлады, өйткені су тапшылығы қызметтің барлық аспектілеріне: ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке және туризм секторына, сардиниялықтардың күнделікті өміріне де айтарлықтай әсер етеді.
Төтенше шараларға сонымен қатар үй шаруашылықтары мен кәсіпорындар үшін және жеке азаматтар үшін суды пайдалануға шектеу енгізу кіреді.
Арал билігі сондай-ақ құрғақшылықтан қорғаудың ұзақ мерзімді шараларын әзірлеуге ниетті және Италия үкіметін елдің ірі аралдары - Сардиния мен Сицилия үшін арнайы жоспар ұсынуға шақырады.