Өңірлердегі бағаға шолу: Сары май қанша тұрады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл маусымда статистика көрсеткендей елімізде табиғи сары май бағасының өскені байқалды. Ал қазір өңірлерде сары май қаншадан сатылып жатыр? Kazinform агенттігі бағаға шолу жасаған еді. 

қолдың майы
Фото: halaldamu.kz

Осы айдағы (қыркүйек) мәліметке сүйенсек, елорда дүкендерінің сөрелерінде бір келі табиғи сары майдың бағасы өндірушіге байланысты 2500 теңгеден 6900 теңгеге дейін барады.

кесте
Коллаж: Kazinform

Түркістанда бір келі май 3500-4000 теңге тұрады, Қарағандыда дүкен майының келісі 5500 теңге, ал қолдың майының келісі 6500-7000 теңгеден сатылып жатыр. 

Аталған сүт өнімінің келесі өңірлердегі бағасы шамалас, яғни Атырау мен Алматыда бір келі сары май (өндірушіге байланысты) 3800-7000 теңге аралығында, Қонаев қаласында 3900 теңгеден, ал Шымкентте бір келі сары майға 4000 теңге жұмсайсыз.

Қостанай тұрғындары сары майдың келісін 4000-6500 теңге аралығында сатып алып жатыр.

Таразда бір келі сары майдың бағасы 4500 теңгеден басталады, ал Талдықорғанда 4500-5000 теңгеден сатылады.

Ақтау дүкендерінде бұл өнімнің бағасы біршама қымбат, яғни келісі 4700-5000 теңге, сондай-ақ Павлодар мен Көкшетау дүкендерінде де арзан емес, бір келі сары майға 5000-6000 теңге төлейсіз.

Петропавлда майдың келісі 5500 теңге, ал Ақтөбеде келісі 5500-6000 теңгеге сатылады. Қызылорда тұрғындары үшін сары майдың бағасы 5600 теңгеден басталады.

Елімізде ең қымбат сары май Орал, Жезқазған, Семей және Өскемен қаласында сатылады екен. Аталған өңірлерде баға – 6000 теңге.

Соңғы жаңалықтар