18:48, 27 Желтоқсан 2024 | GMT +5
Сарыағашта 1 млн теңге бопсалаған блогер ұсталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында 1 млн теңге бопсалаған блогер қолға түсті. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

— Тергеу мәліметтері бойынша, Сарыағаш ауданының 34 жастағы тұрғыны мектептерде білім беру жобасын жүзеге асыруға кедергі келтіремін деп қорқытып, ұйымдастырушылардан 1 млн теңге талап еткен. Тексеру кезінде ұсталған адамнан қаражат аударылған сомасы бар банк картасы мен журналистің қызметтік куәлігі табылды, — делінген хабарламада.
Күдікті өңірде блогер ретінде танымал, әлеуметтік медиа парақтарын белсенді жүргізеді.
Бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетелік, бұған дейін боди массажды желеу етіп 2 миллиард теңге табыс тапқан Астана тұрғыны ұсталды.