Сарыағашта үй ауласынан ашылған спорт залдан жеті ел чемпионы шыққан

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Сарыағашта ауыл мұғалімі үйінің ауласынан спорт зал ашты.

Жанзақ Сыдықов
Фото: Kazinform

Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылының тұрғыны Жанзақ Сыдықов жеке үйінің ауласынан спорт зал ашып, балаларды спортқа баулып келеді. Ауыл мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін ұстаздың бұл игі істі қолға алғанына жиырма жылдан астам уақыт болған. Екі қабатты ғимаратта жас спортшыларға қажетті жағдайдың барлығы жасалған.

спорт
Фото: Kazinform

Нысан іші жып жылы. Жуынатын бөлмеде ыстық су мен салқын су тоқтаусыз ағып тұр. Киім ауыстыратын бөлмелер де бөлек-бөлек орналасқан. Ең бастысы - мұндағы үш теннис үстелінде балалар күнделікті тегін жаттығу жасайды.

«1985 жылы ауылдағы мектепке мұғалім болып қызметке орналастым. 1986 жылы мектеп жанындағы спорт зал өртеніп кетті. Содан балаларға дене шынықтыру сабағын өте алмай қалдық. 4-5 жыл бойы қатты қиналдық. Бұл мәселені шешу үшін спорт зал салу керек болды. Кейіннен үйімнің ауласынан екі қабатты спорт ғимаратын салып, ауыл балалары үшін пайдалануға бердім», - дейді Жанзақ Сыдықов.

Алғашқыда үй ауласынан ашылған спорт залға келуішлер аз болыпты. Яғни, жастар үйренісе алмаған. Кейіннен үстел теннис үйірмесі ашылған соң, жаттығуға жазылушылар қатары көбейген. Қазір мұнда 75 жасөспірім тұрақты түрде жаттығуға келеді.

спорт
Фото: Kazinform

«Бес топқа бөліп сабақ өтеміз. Үш топқа өзім жетекшілік етемін. Оның екеуінде ұл балалар болса, біреуі қыздарға арналған. Ал, екі топқа Бақдәулет есімді ұлым сабақ береді. Ол облыстық олимпиада резервін дайындайтын спорт мектебінде аға жаттықтырушы қызметін атқарады. Жалпы балалардың спортқа деген қызығушылығы өте жоғары. Ішінде нәтиже көрсетіп, республикалық, облыстық жарыстардан топ жарып жатқандары көп», - дейді Жанзақ Өмірзақұлы.

Шағын ғана ауылдан ашылған үйірмеден әзірге жеті Қазақстан чемпионы шыққан.

Республикалық, облыстық деңгейден де жүлдемен келіп жатқан шәкірттер көп. Ал, аудандық жарыстарда дарбазалық жастардан жүлделі орынды жеңіп алу қиын.

«Жалпы теннис үйірмесіне 5-6 жастан бастап қабылдаймыз. Ережелерді үйреніп, ептіліктерін көрсеткен бойда жарыстарға жібереміз. Қазір екі шәкіртім Алматыдағы «Шаңырақ» спорт мектебінде оқып жатыр. Дана Ахметова есімді жерлесіміз «Қазақстан Темір жолы» қызметкерлері арасында үш жүркін чемпион болды. Әділет Өмірзақ, Нұржігіт Жолдыбай, Әмірхан Сапарәлі, Әзірбек Пердебай және тағы басқа да шәкірттеріммен мақтана аламын» - дейді Жанзақ Сыдықов.

спорт
Фото: Kazinform

Жанзақ Өмірзақұлы ауылдағы С.Байғозиев атындағы №70 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып әлі де қызмет атқарады. Сондай-ақ, аудандық №2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Қырық жылға жуық еңбек өтілі бар азамат бір-екі жыл көлемінде зейнетке шықпақ.

«Бейнеттің зейнетін көруге кетсем де, жастарды спортқа баулып, қоғамдық жұмыстарға қатысудан қол үзбеймін. Жастар еліміздің болашағы ғой. Жастарды спортқа баулу азаматтық борышым деп білемін. Біздің жас кезімізде мұндай мүмкіндіктер болмады. Сондықтан, мен жастарға қолымнан келгенше бар жақсылықты жасағым келеді» - дейді Жанзақ Өмірзақұлы.

Соңғы жаңалықтар