Сарыағаштағы медресе-колледжге мемлекет есебінен 1 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінген

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Оқу орнында Исламтану, Имам-хатиб, Ұстаз мамандықтары бойынша шәкірт тәрбиеленеді.

Сарыағаштағы медресе-колледж
Фото: ҚМДБ баспасөз қызметі

Әлеуметтік желіде Сарыағаш медресе колледжіне мемлекет тарапынан қаржы бөлінетіндігі жөнінде ақпарат тарады. Онда Түркістан облыстық білім басқармасы жыл сайын оқу орнына 200 млн теңгеден астам қаржы бөлетіндігі айтылған. 

Аталған жағдайға қатысты пікір білдірген Түркістан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі медресе колледждің мемлекет есебінен қаржыландырылып келгенін растады. 

- Мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес, діни сеніміне қарамастан, білім беру ұйымдары мемлекеттік қолдауды, оның ішінде гранттарды алуға құқылы. Осы мақсатта Сарыағаш медресе-колледжіне 2018-2024 оқу жылдары аралығында жалпы мемлекеттік бюджет қаражатынан 1 млрд 600 млн теңгеден астам бөлінді. 2018-2025 жыл аралығында жалпы 900 орынға грант бөлінген.

Айта кетерлігі, медреседе Исламтану мамандығы, Имам-хатиб біліктілігі, Ұстаз мамандықтары бойынша шәкірт тәрбиеленеді, - делінген басқарма ақпаратында. 

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында мешітте балаларға аяғын уқалатқан имам көпшіліктің ашуын туғызған болатын.

Соңғы жаңалықтар