Сарыағаштық тұрғын жер астынан цех ашып, алкоголь өнімдерін дайындап келген
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру бойынша жерасты цехының қызметін тоқтатты.

Тінту кезінде қақпақтарды өңдеуге және штамптауға арналған аппарат, 300 бөтелке мөлшеріндегі дайын алкоголь өнімі, спирт-арақ сұйықтықтарын сақтауға арналған қақпақтар мен ыдыстар тәркіленді. Шығын шамамен 360 мың теңгені құрайды.
«Жедел уәкілдер үйде заңсыз бизнес ұйымдастырған Сарыағаш ауданының тұрғынын ұстады. Жерасты цехы аудан аумағында үш ай бойы жұмыс істеп келген. Ал, оның иесі Түркістан облысындағы екі ауданда орналасқан сауда орындарында өнімді заңсыз өткізіп отырған. Аталған факт бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Жиналған материалдар Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне заңды шешім қабылдау үшін жолданды», - делінген Түркістан облысы полиция департаменті таратқан ақпаратта.