«Сарыбұлақ» қоры таусылады, зайсандықтар көгілдір отынмен қалай қамтылмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің солтүстік пен шығыс өңірлерге көрші елдерден газ импорттау бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депуттарының сауалына премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

— Үкімет солтүстік және шығыс өңірлер үшін көршілес елдерден газ импорттау мәселесі бойынша әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданын газдандыруға келер болсақ, «Сарыбұлақ» кен орнының (жалғыз газ көзі) қорларының таусылуына байланысты ауданның шамамен 23 мың тұрғынын әрі қарай газбен жабдықтау үшін балама газ көзін айқындау қажеттігі туындап отырғанын хабарлаймыз, — деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр дерегінше, қазіргі уақытта кен орнының қалдықты қорлары жылына небары 216 млн текше метрді құрайды немесе 6,5 жылға жетеді. Бүгінде аудан тұрғындары жылына 32,8 млн текше метр газ тұтынады.
— Осыған байланысты Зайсан ауданының тұтынушыларын сұйытылған табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатыр. Бұл нұсқа қарастырылып отырған аумақта газдандыру бойынша ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылған кезге дейін аралық немесе балама шешім ретінде ұсынылады, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Зайсан ауданындағы «Сарыбұлақ» кен орнының маңында қосымша газ барлау жұмыстары жүріп жатыр.