Сарыөзектегі сарбаз өлімі: ресми хабарламада не айтылған

АСТАНА. KAZINFORM – Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі Жетісу облысы Сарыөзек горнизонындағы сарбаз өліміне қатысты ресми ақпарат таратты.

Сарыөзектегі сарбаз өлімі: ресми хабарламада не айтылған
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Биыл 14 қаңтарда Сарыөзек гарнизонында жауынгерлік дайындық бойынша далалық оқу-жаттығу кезінде қаруды қолдану ережесін бұзу салдарынан қатардағы жауынгер Қ. оқ жарақатын алып қаза тапты, - делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондай-ақ оқиға орнында құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы бастаған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

- Қызмет барысында сарбаз өзін оң жағынан көрсетті. Әскери бөлім қолбасшылығына қандайда бір арыз, шағым айтқан емес. Қызметтік міндеттерін толық көлемде орындады. Ата-ана мен туған-туысқандардың қайғысын, әрине жақсы түсінеміз, олардың қайғыларына ортақпыз. Әр командир үшін де жауынгердің қазасы қайғылы жайт. Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің отбасы мен жақындарына қайғысына ортақтасып көңіл айтады. Оларға барлық қажетті көмек көрсетеді, - деп сендірді құрлық әскерлерінен.

Айта кетейік, аталған істің мән-жайын білу үшін біздің агенттік Қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдады.

Кеше Сарыөзек горнизонында қатардағы жауынгер мерт болғанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар