Сарыағаш оқушылары құрылысы бітпеген мектепте білім алып жүр

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Сарыағашта оқушылар құрылысы бітпеген мектепте білім алуға мәжбүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа оқу жылы басталғанымен Сарыағаш ауданында орналасқан И. Панфилов атындағы мектептегі құрылыс жұмыстары әлі аяқталмады. Әлеуметтік желіде тараған видеодан мекеме ішінде құрылыс заттары шашылып жатқанын, ал құрылысшылар жұмыс істеп жүргенін көруге болады. Дегенмен, бүгін аталған мектепке оқушылар сабаққа барды.

Түркістан облысы Білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес 15 қыркүйекке дейін толығымен аяқталады. Ал мекеме ішіндегі жұмыстар балалардың білім алуына кедергі келтірмейді. Сыртқы жұмыстар жүргізіліп жатқан жерлер қауіпсіздік мақсатында қоршалмақ. Кестеден кешіккен мердігердің құжаттары тиісті органдарға беріліп, айыппұл да салынған.

«2-3 қыркүйектегі демалыс күндері мердігерлер мектеп ішін әрлеу, сырлау жұмыстарын жүргізді. 1 қыркүйек күні мектепте дәстүрлі түрде қоңырау соғылып, оқушылармен тәрбие сағаттары өткізілді. Сонымен қатар білім ордасында бүгіннен бастап дәстүрлі түрде сабақ өтуде. Ішкі жұмыстар толығымен аяқталды. Қазіргі таңда, балалардың оқу процесіне кедергі келтірмейтін жұмыстар жүргізіліп жатыр», - делінген Түркістан облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар